homepage
Коллаж: Juzmedia.kz

Сәлем салу: "Тәжім етпеген күйеу жігітті қуып жіберген"

08.02.2025, 13:01

Қазақ дәстүрінде келіннің үлкендерге иіліп сәлем салуы кеңінен таралған. Ал күйеу жігіттің сәлем салуы туралы мәліметтер өте сирек кездеседі. Дегенмен, кейбір деректерге сүйенсек, өткен замандарда күйеу жігіттің де белгілі бір жағдайларда иіліп сәлем беру рәсімдері болғаны байқалады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

СӘЛЕМ САЛУ ДӘСТҮРІ

Түркі халықтарында негізінен келіннің сәлем салу дәстүрі кең тараған, ал күйеу жігіттің сәлем салуы туралы деректер өте сирек кездеседі немесе мүлде жоқ. Түркі халықтарының әдет-ғұрпында күйеу жігіт көбіне салт-дәстүрді құрметтеп, белгілі рәсімдерге қатысушы рөлінде болады. Мысалы, қазақ, қырғыз, түрік, өзбек сияқты халықтарда той кезінде күйеу жігіттің үлкендерге иіліп сәлем беруі немесе құрмет көрсетуі мүмкін, бірақ бұл арнайы «сәлем салу» ретінде қарастырылмайды.

Келіннің сәлем салуы – үлкендерге құрмет көрсету белгісі және отбасыға кірген жаңа мүшенің әдептілік танытуы ретінде түсіндіріледі. Бұл дәстүр кейбір түркі халықтарында уақыт өте келе өзгерістерге ұшыраса да, әлі күнге дейін сақталып келеді. Мысалы, түрік халқында келіннің сәлем салуы немесе оның үлкендерге құрмет көрсетуі той және басқа да маңызды рәсімдерде орындалады. Өзбек халқында да келіннің сәлем салуы үлкендерге деген құрметтің белгісі болып саналады.

ТӘЖІМ ЕТПЕГЕН КҮЙЕУДІ ЖАЗАЛАҒАН

Десе де, қазақ ортасында күйеу жігіттің сәлем салу дәстүрі XIX ғасырдың ортасына дейін сақталған. Күйеу жігіт қалыңдығының ауылына алғаш келгенде, әйелдер арнайы тігілген шатырда оны салтанатты түрде қарсы алып, күйеу жігіт қолын төмен түсіріп, тағзым ететін болған. Бұл дәстүр «тәжім» деп аталды. Сонымен қатар киіз үйде күйеу жігіт қалыңдығының туыстарына жеке-жеке тағзым жасап, олардың рұқсатын алмай, отырмайтын болған.

Ыбырай Алтынсариннің 1868 жылғы «Орынбор ведомствосындағы қырғыздардың үйленуі мен құдаласу кезіндегі әдет-ғұрыптар очеркі» атты еңбегінде қазақтың ұмытылып бара жатқан сәлт-дәстүрлерін сипаттай жазған.

«Ақыры, қалыңмалға толық қанағаттанған қалыңдықтың әкесі күйеу жігітке өз ауылына келуге рұқсат береді. Ауылдан екі шақырымдай жерге арнайы шатыр тігіліп, оған алдын ала жақын маңдағы ауылдардан шақырылған әйелдер жиналады. Әйелдер шатырдың ішінен шыққан кезде, дәл сол сәтте күйеу жігіт пен оның нөкерлері сол жерге жетіп, аттарынан түседі. Әйелдер жақындағанда, күйеу жігіт қолын төмен түсіріп, тәжім етіп иіледі. Одан кейін қалыңдықтың ең жақын туыстарының бірі оның қолынан ұстап, бүкіл нөкерлерімен бірге кілемдер төселген, жайлы төсегі бар арнайы дайындалған шатырға кіргізеді», - деп жазады Алтынсарин.

Қыз ауылында той-томалақ болып, ойын өтіп жатқанда күйеу жігіт шатырда қалады, оны қалыңдықты қоспағанда, әйелдер мен бойжеткендер қоршап тұрады.

«Қатысып отырған әрбір әйел одан «тәжім», яғни иіліп сәлем беруді талап етуге құқылы, ал оған рұқсат бермейінше, күйеу жігіт отыруға болмайды. Әдетте, әйелдер күйеу жігітті ұзақ уақыт тік тұрғызып, үздіксіз иілуін талап етеді, ал егер ол бұл талапты орындамаса, олардың әрқайсы бетінен шартып жіберуге немесе итеріп жіберуге толық құқылы. Егер бұл да әсер етпесе, жанжал туындап, тараптар тарасып кетуі мүмкін, бұл өз кезегінде үлкен келеңсіздікке әкеледі. Мәселен, болашақ қайын ата күйеу жігітті қуып жіберуі мүмкін. Дегенмен қазіргі таңда кейбір жөн білетін ордалықтар бұл дәстүрден бас тартып келеді», - деп жазылған аталған еңбекте.

Қазақ даласындағы ер адам рөлінің күшеюімен, сонымен қатар ислам дінінің ықпал етуімен, аталған дәстүр бүгінде толық жойылған. Кейбір жағдайда күйеу жігіттің сәлем салуы әлеуметтік желілерде сынға ұшырап, этнографтар мұндай әрекетті қазақ дәстүріне жат деп санайды.

Десе де, кей түркі халықтарында бұл дәстүрдің жұрнағы әлі де болса сақталған. Мәселен Өзбекстанның кей ауданында күйеу жігіт қасындағы серіктерімен бірге қыз ауылына келгенде тізе бүгіп, тәжім етеді.

Қорыта айтқанда, күйеу жігіттің сәлем салуы қазақтың дәстүрлі мәдениетінде кеңінен таралмағанымен, кейбір тарихи деректерде мұндай рәсімдердің болғаны туралы мәліметтер кездеседі.

Ая ӨМІРТАЙ

Juzmedia

«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.