Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Экономикалық тергеу департаменті Ақтау қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Тимур Сәдуақасовқа іздеу жариялады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Хабарландыру Құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдары порталының сайтында пайда болды.

Сәдуақасовтың Обухов тау-кен байыту комбинатында заңсыз кен өндіру ісіне қатысы бар екені белгілі. 2024 жылдың желтоқсанында сот оны кінәсіз деп тапқанымен, кейіннен прокуратура апелляциялық шағым түсірді.
2025 жылдың қаңтарында апелляциялық алқа ақтау үкімін бұзып, сотталушыларды қамауда ұстау туралы шешім шығарды.
Тергеу мәліметінше, Тимур Сәдуақасов кәсіпкер Виктор Долгалевтің (Обухов тау-кен байыту комбинаты қожайындарының бірі) адвокатымен бірге бизнесменді шенеуніктерге 225 миллион теңге көлемінде пара беруге итермеледі деген айып тағылып отыр. Ақша Долгалевтің бұрынғы серіктестеріне қарсы қылмыстық іс қозғау үшін аударылуы керек болған.
Еске салайық, Сәдуақасов 2019 жылдың ақпан айынан бері Ақтау қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарған.