homepage
merrantiaccounting.com

ҚҚС өсімі көлеңкелі бизнестің артуына әкеп соғуы мүмкін - депутат

05.02.2025, 18:36

Мәжіліс депутаты Берік Бейсенғалиев Үкіметтің ұзақмерзімді бюджет дағдарысын ҚҚС арттыру арқылы шешпек болған ұмтылысын сынады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

ҚАРЖЫЛЫҚ АУЫРТПАЛЫҚ ТҰТЫНУШЫ МОЙНЫНА ТҮСПЕК

Депутат бүгінде Үкіметтің салық реформасын ұсынып, күрделі де батыл шешімдер туралы айтып жатқанын, ал шын мәнінде, ҚҚС-тың ұлғаюы және оның шегінің төмендеуі айналым салығына айналуы мүмкін екенін атап өтті.

Берік Бейсенғалиевтің айтуынша, осылайша барлық сома тауардың өзіндік құнына қосылып, түпкілікті тұтынушыға қосымша қаржылық жүктеме болып, тауар бағасына әсер етеді.

«Бизнестің бұдан да бытыраңқы болып, көлеңкеге кету ықтималдығы жоғары. Экономиканы дамыту – ең маңызды міндет екенін бәріміз түсінеміз, Үкіметтің жұмысы ел экономикасын дамытуға, шетел инвестициясын тартуға жағдай жасауға және бизнесті дамытуға қолайлы жағдай туындатуға бағытталуы керек, бұл экономиканың өсуіне байланысты салық түсімдерін арттыруға мүмкіндік береді», - деді депутат.

ДЕПУТАТ ҚАНДАЙ ҰСЫНЫСТАР АЙТТЫ?

Бейсенғалиев жағдайды түзету үшін тиімсіз шығындарды оңтайландыруды және нақты секторды қолдау шараларын қайта қарауды ұсынды. Оның ішінде мынадай қадамдарды ұсынды:

  • Біріншіден, бюджеттің шығысы мен кірісін теңестіріп, тиімсіз шығындарды оңтайландыру қажет; 
  • Екіншіден, көлеңкелі бизнес субъектілерін салық төлеушілер қатарына біртіндеп шығара отырып, экономиканың үштен бір бөлігін құрайтын көлеңкелі экономиканы нақты экономикаға көшіру керек;
  • Үшіншіден, экономиканың нақты секторын қолдау жөніндегі тәсілдерді қайта қарау қажет;

Депутат мемлекет нақты жұмыс орындарын беретін, қосылған құны жоғары өнімдер шығаратын кәсіпорындарға ғана қаражат құюы қажет екенін айтты.

Juzmedia

«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.