“Қазақмыс” корпорациясы Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа ұшақ сатып алынғаны туралы ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды Juzmedia.kz
Әлеуметтік желілерде «Қазақмыс» компаниясы ұшақты Назарбаев үшін арнайы сатып алды деген ақпарат пайда болды.
“Бірқатар БАҚ пен әлеуметтік желілерде “Қазақмыс” корпорациясы Қазақстанның тұңғыш президентіне ұшақ сатып алыпты-мыс деген ақпараттың таралуына байланысты ресми түрде бұл ақпарат шындыққа жанаспайтынын мәлімдейміз.
“Қазақмыс” корпорациясы ешбір жеке тұлғаға әуе кемесін сатып әперген жоқ. Әуе кемесін сатып алу тек компанияның өндірістік қажеттіліктерімен байланысты”, - деп атап өтті компанияның баспасөз қызметі.
Осылай деген компания өкілдері мұндай келісім туралы кез келген мәлімдеме негізсіз екенін және қоғамды жаңылыстыруға бағытталғанын айтты.
“Біз бұқаралық ақпарат құралдарын және әлеуметтік желі қолданушыларын таратылатын ақпараттың шынайылығын мұқият тексеруге және расталмаған деректерді жариялаудан бас тартуға шақырамыз”, - делінген хабарламада.