Алматыда 2008 жылы жасалған резонансты кісі өлтіру ісіне қатысы бар, 17 жыл бойы халықаралық іздеуде болған ер адам сотталды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Бас прокуратура мәліметінше, Ю. Юсупов бірнеше жыл бойы Еуропа елдерінде жалған анкеталық деректермен жасырынып жүрген. Ол Қазақстанға экстрадицияланып, 15 жылға бас бостандығынан айырылды.
Оқиғаның мән-жайы
Ведомство түсіндіргендей, қылмыс 2008 жылғы 19 мамырға қараған түні Алматының орталығында болған.
Сот анықтағандай, Юсупов пен оның сыбайласы А. Коваленко қылмыстық орта өкілімен жанжалдасып, оны Фурманов көшесіндегі үйдің маңында аңдыған.
Кейін жәбірленушіге бірнеше рет оқ атылып, ол алған жарақаттарынан оқиға орнында қаза тапқан.
Қылмыстан кейін Юсупов Қазақстаннан қашып кетіп, артынша оған халықаралық іздеу жарияланды.
17 жылдан кейін ұсталды
Юсупов ұзақ жылдар бойы Еуропада жалған аты-жөнімен өмір сүрген. 2025 жылғы тамызда ол Литва шекарасынан өту кезінде ұсталды. Сол жылдың қарашасында Бас прокуратураның сұрауы бойынша Қазақстанға экстрадицияланды.
Бұған дейін оның сыбайласы А. Коваленко да қылмыстық әрекетін жалғастырған. 2008 жылы Қапшағайдағы «Старая крепость» демалыс аймағындағы қарулы оқиғадан кейін ұсталған ол 2009 жылы 23 жылға бас бостандығынан айырылған.
Сот үкімі
Биыл шілдеде Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Юсуповты адамдар тобының алдын ала сөз байласуы арқылы жасалған кісі өлтіруге көмектескені үшін кінәлі деп танып, 15 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды.
Бас прокуратура бұл істі халықаралық ынтымақтастықтың нәтижесі ретінде атап өтті.
Ведомство мәліметінше, шетелдік әріптестермен тікелей байланыс орнату, ақпарат алмасу және халықаралық іздестіру тетіктерін пайдалану ұзақ жылдар бойы Қазақстаннан тыс жерде жасырынған адамдарды анықтап, елге қайтаруға мүмкіндік береді.
«Заң мен тәртіп» қағидаты жауаптылықтың бұлтартпастығын көздейді. Іздеуде болған уақыттың ұзақтығы, жеке деректерді өзгерту немесе шетелде жүру сот төрелігінен жалтаруға мүмкіндік бермеуі тиіс, – деп атап өтті Бас прокуратура.
Ведомство мұндай адамдарды іздеу және Қазақстанға қайтару жұмыстары жалғасатынын мәлімдеді.