Әлеуметтік желілерде азаматтарға «ҰБТ-дан өткізіп береміз» немесе «тест сұрақтарының жауаптарын береміз» деп уәде беретін алаяқтар көбейген. Осыған байланысты Ұлттық тестілеу орталығы талапкерлерге тағы да ескерту жасады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
ҰТО мәліметінше, мұндай ұсыныстардың барлығы – алаяқтық. Әр тестіленушіге тестілеу кезінде жеке нұсқа қалыптастырылады.
Сонымен қатар тестілеу жүйесіне сырттан араласуға жол бермеу үшін қажетті ақпараттық қауіпсіздік шаралары қарастырылған.
Орталық 2027 жылғы талапкерлерді «кепілді нәтиже» уәде ететін күмәнді ұсыныстарға сенбеуге шақырды.
ҰТО болашақ талапкерлерге ҰБТ-ға өз білімі мен күшіне сеніп дайындалуды және академиялық адалдық қағидаттарын сақтауды ескертеді.