Бүгін, 15 тамызда қазақ музыка өнерінің көрнекті өкілі, композитор, Қазақстанның халық әртісі Шәмші Қалдаяқовтың туғанына 96 жыл толып отыр. Сазгерді халық арасында «қазақ вальсінің королі» деп атайды, деп хабарлайды Juzmedia.kz
Шәмші Қалдаяқов 1930 жылы қазіргі Түркістан облысы Отырар ауданында дүниеге келген. Музыкаға бала кезінен қызығушылық танытып, 1950 жылдан бастап шығармашылықпен кәсіби түрде айналыса бастаған. Кейін Алматыдағы консерваторияда композиция бойынша білім алды.
Композитордың шығармашылық мұрасында 300-ге жуық ән бар. Оның «Арыс жағасында», «Ақ бантик», «Ақмаңдайлым», «Ана туралы жыр», «Қуаныш вальсі», «Бақыт құшағында» сияқты туындылары бірнеше буынның сүйікті әніне айналды.
Шәмші Қалдаяқовтың ең танымал шығармаларының бірі – «Менің Қазақстаным» әні. Композитор оны 1956 жылы ақын Жұмекен Нәжімеденовтің сөзіне жазған. Кейін бұл ән Қазақстанның Мемлекеттік әнұранының негізіне айналды.
1991 жылы Шәмші Қалдаяқовқа Қазақстанның халық әртісі атағы берілді. Сазгер 1992 жылы 29 ақпанда Алматыда дүниеден өтті. Оның әндері бүгінде де орындалып, қазақ музыкасының алтын қорынан өз орнын алып келеді.