homepage
depositphotos.com

«Тез байып кетесіз»: инвестициялық алаяқтықтан қалай сақтануға болады

15.08.2026, 10:58

ҚР Ішкі істер министрлігі азаматтарды әлеуметтік желілерде, мессенджерлерде және түрлі интернет-платформаларда тарайтын күмәнді инвестициялық ұсыныстардан сақ болуға шақырды, деп хабарлайды Juzmedia.kz

Алаяқтар өздерін брокер, инвестициялық компанияның қызметкері немесе қаржы сарапшысы ретінде таныстырып, азаматтарға қысқа мерзімде жоғары табыс табуды ұсынады. Әдетте олар «кепілді пайда», «тәуекелсіз инвестиция» немесе салынған қаражатты бірнеше есе көбейтуге уәде береді.

Алаяқтар қалай әрекет етеді?

Алдымен жәбірленушіден аз мөлшерде ақша салуды сұрайды. Кейін жалған сайт немесе арнайы қосымша арқылы инвестиция көлемінің өсіп жатқанын көрсетеді.

Осыдан кейін алаяқтар «инвестиция көлемін арттыру», «комиссия төлеу» немесе «шотты бұғаттан шығару» деген сылтаумен қосымша ақша аударуды талап етеді.

Алайда азамат ақшасын қайтарып алмақ болған кезде сайт жұмыс істемей қалады, аккаунты бұғатталады немесе өзін «кеңесші» деп таныстырған адам байланысқа шықпайды. Нәтижесінде жәбірленуші салған қаражатынан айырылады.

Қалай сақтануға болады?

Полиция азаматтарға:

  • 100 пайыз кепілдікпен жоғары табыс уәде ететін ұсыныстарға сенбеуді;
  • «Бірнеше күнде ақшаңызды бірнеше есе көбейтеміз» деген жарнамалардан сақ болуды;
  • тез шешім қабылдауға мәжбүрлейтін адамдарға сенбеуді;
  • бейтаныс адамдардың нұсқауы бойынша ақша аудармауды;
  • банк картасының деректері, CVV және SMS-кодтарды ешкімге бермеуді;
  • күмәнді сілтемелерге өтпеуді және белгісіз қосымшаларды орнатпауды ескертеді.

Полиция азаматтарды қаржы мәселесінде сақтық танытып, күмәнді инвестициялық жобаларға ақша аудармауға шақырады.