homepage
instagram.com/d.satpayev

Дастан Сәтпаев Англияның «Бернли» клубына ауысты

15.08.2026, 10:27

Қазақстан құрамасының шабуылшысы Дастан Сәтпаев 2026-27 жылғы маусымның соңына дейін«Челси» сапынан Англияның «Бернли» клубына ауыстырылды. Лондондық ұжым футболшының «Қайраттан» ауысқанын ресми түрде растады, деп хабарлайды Juzmedia.kz

Сәтпаев 12 тамызда 18 жасқа толды. Осыған байланысты «Челси» оның трансферін ресми түрде рәсімдеп, алдағы маусымды «Бернли» құрамында өткізетінін хабарлады.

Шабуылшы маусымалды дайындықтың басым бөлігін «Челсимен» бірге өткізді. Лондондық клубтың халықаралық турнесіндегі алғашқы кездесуде ол аустралиялық «Вестерн Сидней Уондерерс» қақпасына гол соғып, жаңа командасындағы алғашқы нәтижелі соққысын тіркеген болатын.

«Бернли» сапындағы бәсеке

Өткен маусымда «Бернли» Англия Премьер-лигасында 19-орын алып, Чемпионшипке түсіп қалған еді. Команда жаңа маусымдағы кезекті матчын 16 тамызда өз алаңында өткізеді.

Кездесу Қазақстан уақытымен сағат 20:00-де басталады. Осылайша бұл бәсеке Сәтпаевтың жаңа клубындағы алғашқы ойыны болуы мүмкін.

Британдық The Standard басылымы қазақстандық шабуылшының «Бернлидің» ойын жүйесіне қалай бейімделетініне талдау жасады. Басылым Сәтпаевтың «Қайрат» сапындағы көрсеткішіне ерекше тоқталған: ол алматылық клуб құрамында 58 матчта 26 гол соғып, Чемпиондар лигасының жалпы кезеңінде үлкен тәжірибе жинақтаған.

Мақалада Сәтпаев шабуыл шебінің бірнеше позициясында ойнай алатын әмбебап футболшы ретінде сипатталады. Дегенмен негізгі құрамнан орын алу үшін оған тартысты бәсекеге түсуге тура келеді.

«Челси» жанкүйерлері Сәтпаевтан үлкен үміт күтеді

«Челсидің» жанкүйерлерге арналған TalkChelsea.net порталы да қазақстандық футболшының ауыстырылуына қатысты пікір білдірді.

Материалда Сәтпаевтың «Қайрат» сапында жүріп-ақ Чемпионшиптің бірнеше клубының назарын аударғаны айтылған.

Жаңалық авторлары қазақстандық шабуылшының жаңа деңгейде өзін қалай көрсететінін асыға күтетінін жазады.

Сонымен қатар оның маусымалды ойындары жоғары деңгейде өнер көрсетуге дайын екенін дәлелдегені атап өтілген.

«Бұл – мені шыңдайтын жаңа тәжірибе»

Дастан Сәтпаев әлеуметтік желідегі парақшасында бұл ауысымға қатысты өз әсерімен бөлісті:

«Бұл – тек бастамасы. Жалға ауысу – мені шыңдай түсетін жаңа тәжірибе. Ең жақсысы әлі алда, иншаалла! Алға, Қазақ елі!» – деп жазды футболшы.

Осылайша, 18 жастағы Дастан Сәтпаев мансабындағы жаңа кезеңді Англия Чемпионшипінде бастайды. Оның «Бернли» сапындағы дебюттік ойыны 16 тамызда өтуі мүмкін.