Ақмола облысы Целиноград ауданындағы ат клубында аттан құлап, ауыр жарақат алған Астана тұрғыны бір айдан астам уақыт комада жатып, бүгін көз жұмды. Полиция қылмыстық істі қайта саралауды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Ақмола облысы полиция департаментінің мәліметінше, оқиға 6 шілдеде Целиноград ауданындағы ат клубтарының бірінде болған. 33 жастағы әйел аттан құлап, ауыр жарақат алған. Осы факті бойынша сол күні қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызмет көрсету дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалған.
«Астана қаласы тұрғынының аттан құлау фактісі бойынша 2026 жылғы 6 шілдеде қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызмет көрсету дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. 13 тамызда зардап шегуші алған жарақатынан көз жұмды. Осыған байланысты қылмыстық іс қайта сараланады», – деп хабарлады Ақмола облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Қазір тергеу жалғасып жатыр. Полиция оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін қажетті тергеу әрекеттерін жүргізуде.
Бұған дейін де ат клубтарына қатысты шағымдар болған
Бұл елорда маңындағы ат клубтарына қатысты қоғам назарын аударған алғашқы жағдай емес.
Бұған дейін Астаналық Анеля есімді тұрғын QULATAY ат клубында атпен серуендеу кезінде жарақат алғанын әлеуметтік желіде жазған. Оның айтуынша, оқиға 11 маусымда болған. Қыз аттың ер-тоқымы дұрыс бекітілмегенін айтып, серуен кезінде аттың шабысқа жіберілгенін жеткізген. Соның салдарынан ол құлап, қолынан ауыр жарақат алған.
Сондай-ақ бұған дейін Астана маңындағы QULATAY ат ауласында аттан құлаған 20 жастағы Дінмұхамедтің ауыр жарақат алғаны туралы хабарланған. Туыстарының айтуынша, жас жігіттің мойын омыртқасы сынып, жұлын зақымданған. Ол бірнеше операциядан өтіп, ұзақ уақыт жансақтау бөлімінде жатқан.
Қазіргі қайғылы оқиға бойынша тергеу жалғасып жатыр. Полиция істің қандай бап бойынша қайта сараланатынын тергеу нәтижесіне қарай анықтайды.