homepage
depositphotos.com

Алматы мен Алматы облысының басым бөлігінде жарық өшті

14.08.2026, 16:21

14 тамызда Алматы мен Алматы облысының бірқатар ауданында электр жарығы жаппай өшті, деп хабарлайды Juzmedia.kz

«Алатау Жарық Компаниясы» АҚ мәліметінше, бұған KEGOC-қа тиесілі 500 кВ әуе электр желілерінің апатты жағдайда ажыратылуы себеп болған. 

Компанияның хабарлауынша, сағат 14:38-де KEGOC-қа тиесілі Л-5400, Л-5300 және Л-5320 электр желілерінде апатты ажырату болған.

Осының салдарынан «Алатау Жарық Компаниясы» желілерінде апатқа қарсы автоматика іске қосылып, Алматы мен Алматы облысындағы тұтынушылардың бір бөлігі электр қуатынсыз қалған.

Апатқа қарсы автоматика жұмысының нәтижесінде ажыратылған жүктеме көлемі 300 МВт болды.

Алматының қай аудандарында жарық өшті?

Алматыда электр жарығы Бостандық, Наурызбай, Әуезов және Алатау аудандарында өшкен. Сонымен қатар Медеу және Алмалы аудандарының тұрғындары да жарықтың ажыратылғанын хабарлады.

Қала тұрғындарының айтуынша, кей жерлерде бағдаршамдар да жұмыс істемей қалған.

Алматы облысының қай аудандары жарықсыз қалды?

Электр қуаты мына аудандарда ажыратылды:

  • Жамбыл;
  • Балқаш;
  • Есік;
  • Қарасай;
  • Шелек;
  • Райымбек;
  • Ұйғыр;
  • Іле;
  • Кеген;
  • Талғар аудандары.

Қазіргі уақытта «Алатау Жарық Компаниясының» мамандары тұтынушыларға электр энергиясын беруді қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Электр қуатының толық қашан берілетіні туралы ақпарат қосымша хабарланады.

Айта кетейік, электр жарығының жаппай өшуі туралы Қырғызстан астанасы Бішкек пен Ыстықкөл облысының кейбір елдімекенінде, сондай-ақ Тәжікстан аумағында да жарық өшкені туралы хабар тарады.