homepage
Фото ашық дереккөзден

Қазақстанда медицина көрсеткіші жақсарғанымен, өңірлердегі алшақтық сақталып отыр

14.08.2026, 15:38

Қазақстанда 2026 жылдың алғашқы жеті айында халық денсаулығына қатысты бірқатар негізгі көрсеткіш жақсарды. Дегенмен өңірлер арасындағы айырмашылықты қысқарту денсаулық сақтау жүйесінің басты міндеттерінің бірі болып қала береді, деп хабарлайды Juzmedia.kz

Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің алқа отырысында бірінші вице-министр Тимур Сұлтанғазиев мәлімдеді.

Жалпы өлім-жітім 0,8%-ға, қанайналым жүйесі ауруларынан болатын өлім 10,9%-ға, онкологиялық аурулардан болатын өлім 5%-ға, жол-көлік оқиғаларынан болатын өлім 20,9%-ға төмендеген. Ал жеті айда ана өлімі 17,5%-ға азайған.

Ана өлімі көрсеткіші 100 мың тірі туған балаға шаққанда 9,7-ден 8,0-ге дейін төмендеді. Нәресте өлімі 5,93, ал неонаталдық өлім 3,05 көрсеткішін құрады. Екі көрсеткіш те жоспарлы межеден төмен.

Аурулардың алдын алу және ерте анықтау бағытында да өсім бар. Онкологиялық скринингпен қамту 37,6%-дан 42%-ға өскен. Қатерлі ісіктерді 0–I сатысында анықтау үлесі 34,3%-ды құрады.

Сонымен қатар министрлік өңірлердегі көрсеткіштердің біркелкі емес екенін атап өтті. Жартыжылдық қорытындысы бойынша 24 негізгі көрсеткіштің бесеуі қосымша назар аударуды қажет етеді. Бұл бағытта өңірлік денсаулық сақтау басқармаларына нақты талдау жүргізіп, тиісті шаралар қабылдау тапсырылды.

«Ел бойынша орташа көрсеткіштер жекелеген аумақтардағы проблемаларды жасырып қалмауға тиіс. Жыл қорытындысы бойынша бізге себептерді түсіндіру емес, көрсеткіштердің нақты жақсаруы және халық үшін нақты нәтиже қажет», – деп атап өтті Тимур Сұлтанғазиев.

Министрлік екінші жартыжылдықта медициналық көмектің барлық өңірде бірдей қолжетімді болуына, ауруларды ерте анықтауға, ана мен бала денсаулығын қорғауға және дәрігерлерді, әсіресе ауылдық жерлерде ұстап қалуға басымдық бермек.