homepage
Видеодан кадр

Канье Уэст Алматыға келді: рэперді әуежайда қазақы дәстүрмен қарсы алды

14.08.2026, 14:22

Америкалық рэпер Канье Уэст (Ye) Алматыға концертінің алдында ұшып келді. Музыкантты әуежайда қазақы дәстүрмен қарсы алып, ұлттық киімдегі өнерпаздар ән-күй орындап, ұлттық билер биледі. Қонаққа қазақтың дәстүрлі тағамдары да ұсынылды, деп хабарлайды Juzmedia.kz

Әлеуметтік желіде тараған кадрлардан Уэстті ұлттық киім киген өнерпаздар мен батырлар қарсы алғанын көруге болады. Музыкантқа қазақ мәдениеті мен дәстүрі таныстырылған. Рэпердің өзі де қарсы алу рәсімін қызығушылықпен бақылап, болып жатқан жағдайды телефонына түсіріп отырған.

Канье Уэст Қазақстанға әйелі Бьянка Цензоримен және шығармашылық тобының бір бөлігімен бірге келген. Кейін рэпердің көлігі қонақүйге бара жатқан жолда байқалып, кей жанкүйер онымен суретке түсіп үлгерген.

Музыканттың Алматыға келуі әлеуметтік желіде қызу талқыланды. Кейбір қолданушылар қонақты жылы қарсы алғанын және ұлттық нақыштағы рәсімді жоғары бағаласа, енді бірі қарсы алу шарасы тым ауқымды болғанын жазды.

«Канье, қош келдің!», «Өте риза болған сияқты», «Бұл – Қазақстан үшін жаңа кезең», «Барлығы жоғары деңгейде өтсін» деген пікірлер жазылды.

Сонымен қатар кей қолданушылар әртістерді мұндай деңгейде қарсы алудың қажеті жоқ екенін айтып, рәсімді шетелдік ресми делегацияларды қабылдауға ұқсатты.

Бүгін, 14 тамызда, Канье Уэст Алматыдағы Орталық стадионда концерт береді.

Концертке байланысты стадион маңындағы жолдарда көлік қозғалысына шектеу енгізіліп, бірқатар автобус бағыты өзгертіледі.

Алматы метросы түнгі сағат 03:00-ге дейін жұмыс істейді. Алайда сағат 21:00-ден бастап «Байқоңыр» станциясы жолаушылардың кіріп-шығуы үшін жабылады. Бұл адам көп жиналуының алдын алу мақсатында жасалып отыр.