Қазақстан Оңтүстік Кореяның шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған Employment Permit System (EPS) мемлекеттік жүйесіне ресми түрде қосылды. Бұл қазақстандықтардың Кореяда заңды түрде жұмысқа орналасуына жаңа мүмкіндік береді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Корея Республикасының Үкіметі Қазақстанды Е-9 жүйесіне қатысушы 18-ші мемлекет ретінде енгізу туралы шешімді 2026 жылғы 14 тамызда қабылдады.
Қазақстан азаматтарын Оңтүстік Кореяға жұмысқа тарту 2028 жылдан басталады деп жоспарланып отыр. Оған дейін екі ел арасында тиісті меморандумға қол қойылып, Қазақстанда корей тілінен тест өткізетін EPS-TOPIK орталығын ашу сияқты ұйымдастыру шаралары жүргізіледі.
Қазақстанның бұл жүйеге қосылу жұмысы 2023 жылдан бері жүргізіліп келеді. 2026 жылдың қаңтарында Кореядан келген сарапшылар Қазақстанның EPS жүйесін іске қосуға дайындығын бағалаған.
Жаңа жүйе бойынша жұмысшыларды іріктеу делдалдар арқылы емес, ресми тәртіппен жүргізіледі. Үміткерлер корей тілінен тест тапсырып, кәсіби дағдыларын бағалаудан және медициналық тексеруден өтеді.
Еңбек министрлігі азаматтарға жүйе ресми түрде іске қосылғанға дейін Кореяға жұмысқа орналастыруды немесе іріктеуді жеделдетуді уәде ететін делдалдарға ақша бермеуді ескертті. Тіркелу мерзімі, талаптар мен тестілеу тәртібі туралы ақпарат министрліктің ресми ресурстарында жарияланады.
Айта кетейік, Employment Permit System – Кореяның шетелдік жұмыс күшін заңды әрі реттелген тәртіппен тартуға арналған мемлекеттік жүйесі.