homepage
Видеодан кадр

«Өмір бойы шықпауы керек»: Нұрайдың анасы Шерхан Аймаханға қатысты үкім туралы

14.08.2026, 10:37

21 жастағы Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты сот үкімі шықты. Шерхан Аймахан өмір бойына бас бостандығынан айырылып, қатаң режимдегі түзеу мекемесіне жіберілді. Алайда бұл жаза марқұмның анасы Айгүл Сағымбекованы толық жұбата алмады,  деп хабарлайды Juzmedia.kz агенттігі Аlmaty.tv-ге сілтеме жасап.

«Осы үкімге ризамын. Себебі бұдан басқа ату жазасы жоқ. Бірақ ол өмір бақи шықпау керек. Бұдан басқа жаза жоқ. Бірақ ол бұл жазаға лайық емес, себебі ол өмір сүреді», – деді марқұмның анасы Айгүл Сағымбекова.

Сот Шерхан Аймаханды Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша кінәлі деп танып, түпкілікті өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сонымен қатар ол марқұмның жақындарына 25 миллион теңге моральдық өтемақы төлеуге міндеттелді.

Ал сотталушы тарап үкіммен келіспейтінін айтып, апелляциялық шағым түсіретінін мәлімдеді.

«125-1 бабымен келіспейміз. Өйткені ол жерде некеге тұруға мәжбүрлеу фактісі орын алмаған. 115-1 бап бойынша 5 қазаннан кейін қарым-қатынасты жандандыруға тырысқан. Қандай ауыр қылмыс болсын, Қылмыстық кодекстің тиісті баптарымен әділ жаза тағайындалуы қажет деп есептеймін», – деді Шерхан Аймаханның адвокаты Есболат Құрманбай.

Еске салайық, Шерхан Аймахан «Сталкинг», «Алып қашу» және «Аса қатігездікпен адам өлтіру» баптары бойынша айыпталған. Тергеу нұсқасына сәйкес, ол 11 қаңтарда Шымкентте 21 жастағы Нұрай Серікбайға пышақ жарақатын салып, оның өліміне себеп болған.