homepage
Қаржылық мониторинг агенттігі

Ұлытауда 1 млрд теңгенің марганец кенін заңсыз өндірген топ ұсталды

14.08.2026, 09:56

Ұлытау облысында марганец кенін заңсыз өндіру және өңдеумен айналысқан топтың әрекеті тоқтатылды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Қаржылық мониторинг агенттігі Ұлытау облысы бойынша департаментінің мәліметінше, күдіктілер пайдаланудан шыққан карьерде рекультивация жұмыстарын жүргізіп жатқан кейіп танытқан.

Алайда іс жүзінде аумақта ауыр карьер техникасы мен ұсату-жуу жабдықтары бар толыққанды тау-кен байыту кешені жұмыс істеген.

Өндірілген марганец кені тауарлық концентратқа дейін өңделіп, кейін теміржол арқылы шекаралас мемлекеттерге экспортқа жөнелтіліп отырған.

Кенді жүйелі түрде тиеп-жөнелту үшін күдіктілер теміржол тұйығын да жалға алған.

“Тергеу дерегінше, осы жолмен 23 мың тоннадан астам өнім өткізілген. Оның жалпы құны 1 млрд теңгеден асқан.

Заңсыз кен өндіру салдарынан қоршаған ортаға да залал келтірілген. Бүлінген жерлерді қалпына келтіру құны 150 млн теңгеден асады”, – делінген ҚМА хабарламасында.

Қазір тергеу жалғасып жатыр. Өзге ақпарат Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес жария етілмейді.