Ақмола облысында тағы да жол апаты болды. Қайғылы оқиға Көкшетау-Атбасар автожолының 16-шақырымында болған, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
КТК телеарнасының хабарлауынша, апат салдарынан төрт бірдей адам көз жұмды
“Mini Cooper маркалы автокөліктің жүргізушісі қарсы бетке шығып кетіп, Audi маркалы көлікпен соқтығысып, Audi жүргізушісі мен үш жолаушысы оқиға орнында мерт болды.
Mini Cooper-де отырған тағы үш адам түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді. Екі азамат әлі жан сақтау бөлімінде жатыр. Біреуі хирургия бөліміне ауыстырылды”, – делінген хабарламада.
Аталмыш оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды.
Қарсы бетке шығып кеткен Mini Cooper автокөлігінің жүргізушісі қамауға алынды.
— Сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Оның нәтижелері бойынша процесстік шешім қабылданады, – деді Ақмола облысы ПД Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Данияр Аманжол.
Полиция департаменті жүргізушілерді жол ережелерін, жылдамдық режимін қатаң сақтауға және жолда мұқият болуға шақырады.