homepage
depositphotos.com

Қазақстанда борышкерлер Бірыңғай тізілімге автоматты түрде енеді

13.08.2026, 17:12

Қазақстанда борышкерлердің Бірыңғай тізілімін жүргізудің жаңа тәртібі енгізіледі. Тиісті бұйрықты Әділет министрі бекітті, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Жаңа ережеге сәйкес, атқарушылық іс жүргізу қозғалғаннан кейін борышкер туралы мәліметтер Бірыңғай тізілімге автоматты түрде енгізіледі.

Кімдер тізімге енгізіледі?

Тізілімге атқарушылық құжат бойынша міндеттемесін орындамаған азаматтар мен ұйымдар енгізіледі.

Атап айтқанда:

  • атқарушылық іс жүргізу қозғалған борышкерлер;
  • алимент төлеу бойынша берешегі үш айдан асқан азаматтар;
  • сот белгілеген баламен қарым-қатынас жасау тәртібін дәлелді себепсіз қатарынан екі реттен көп орындамаған тұлғалар.

Борышкерлер туралы ақпарат уәкілетті органның ресми сайтында жарияланады. Тізілімде борышкердің деректерімен қатар атқарушылық құжат және істі жүргізіп жатқан сот орындаушысы туралы мәліметтер көрсетіледі.

Қарыз өтелсе, тізімнен шығарылады

Борышкер міндеттемесін толық орындағаннан кейін немесе атқарушылық іс жүргізу тоқтатылған не аяқталған жағдайда оның мәліметтері тізілімнен шығарылады.

Ақпарат сот орындаушысынан тиісті мәлімет түскеннен кейін аумақтық орган үш жұмыс күні ішінде оны тізілімнен алып тастауға тиіс.

Кей жағдайда бұл процесс автоматты түрде жүзеге асады. Цифрлық жүйе атқарушылық құжаттың нөмірін, санатын, борышкер мен өндіріп алушының ЖСН немесе БСН деректерін салыстырып, мәліметтерді автоматты түрде алып тастайды.

Бұл ретте цифрлық жүйеге енгізілген ақпараттың дұрыстығына сот орындаушысы жауап береді.