homepage
depositphotos.com

Қазақстан қанттың 70%-дан астамын неге импорттан алады

13.08.2026, 14:48

Қазақстанның қант нарығында импортқа тәуелділік әлі де жоғары. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің талдауына сәйкес, 2025 жылдың қорытындысында ішкі нарықтағы қанттың 70,4%-ы импорт есебінен қамтамасыз етілген. Ал отандық өндірістің үлесі небәрі 29,6% болған, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Яғни елдегі қант тұтынудың негізгі бөлігі импорттық шикі қамыс қантын өңдеу және дайын шетелдік қантты жеткізу арқылы өтеліп отыр.

Отандық өндіріс неге жеткіліксіз?

Агенттік қант саласын дамытуға арналған 2022–2026 жылдарға арналған бірқатар жоспарлы көрсеткіштерге қол жеткізілмегенін атап өтті. Атап айтқанда, қант қызылшасының егіс көлемі, өнім көлемі, қант өндіру және ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз ету бойынша жоспарлар орындалмаған.

Бұған қоса, 2024 жылы қант қызылшасынан рекордтық өнім алынғанымен, зауыттардың өндірістік қуаты толық пайдаланылмаған.

Себебі қазіргі қант зауыттарының өндірістік мүмкіндіктері айтарлықтай деңгейде импорттық қамыс шикі қантына бейімделген. Осылайша, отандық шикізат көлемі мен оны өңдейтін кәсіпорындардың қуаты арасында теңгерімсіздік қалыптасып отыр.

Қандай шара ұсынылды?

БҚДА қант нарығындағы жағдайды жақсарту үшін:

  • отандық қант қызылшасы өндірісін дамыту;
  • шаруалар мен қант зауыттары арасында ұзақ мерзімді келісімшарттар енгізу;
  • биржадағы қант саудасына бақылауды күшейту;
  • импортталған қанттың қайта экспортталуын бақылау;
  • отандық және импорттық қантқа бірдей бәсекелестік жағдай қалыптастыру;
  • импортқа тәуелділікті азайту жөнінде шаралар қабылдауды ұсынды.

Сонымен қатар агенттік қантты көтерме саудада өткізетін субъектілерге монополияға қарсы заңнаманы бұзу белгілері бойынша 9 хабарлама жолдаған.

Агенттік бұл ұсыныстарды қант нарығындағы бәсекелестікті дамыту жөніндегі арнайы Жол картасына енгізуді ұсынды.