homepage
depositphotos.com

«Қажылыққа апарамыз»: Астанада тұрғындарды 60 млн теңгеге алдап кеткендер сотталды

13.08.2026, 14:16

Астанада екі адам әлеуметтік желі арқылы қажылыққа барғысы келген азаматтарды алдап, 60 млн теңге ақша алған, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Қалалық прокуратура мәліметінше, екі тұрғын алдын ала сөз байласып, Instagram желісінде Сауд Арабиясының Мекке және Мәдина қалаларына қажылық сапарын ұйымдастыратыны туралы жарнама жариялаған.

Жарнамаға сенген 37 азамат оларға жалпы сомасы 60 млн теңге қаражат берген. Алайда күдіктілер алған міндеттемелерін орындамай, ақшаны өз қажетіне жұмсаған.

Сот үкімімен екі азаматтың әрқайсысы 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар жәбірленушілердің келтірілген материалдық шығынды өтеу туралы азаматтық талаптары толық қанағаттандырылды.

Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Прокуратура азаматтарды әлеуметтік желідегі күмәнді жарнамаларға сақтықпен қарап, ақша аудармас бұрын қызмет көрсетушінің сенімділігі мен заңды мәртебесін тексеруге шақырды.