Қазақстан мен АҚШ арасындағы стратегиялық әріптестікті нығайту және жоғары деңгейдегі байланыстарды дамыту мәселелері талқыланды. Бұл туралы Қазақстанның Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев пен АҚШ Мемлекеттік хатшысының Оңтүстік және Орталық Азия істері жөніндегі көмекшісі Пол Капурдың кездесуінде айтылды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Кездесу барысында тараптар энергетика, маңызды минералдар, озық технологиялар, цифрландыру, көлік және инвестиция салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту перспективаларын қарастырды.
Қазақстанның су ресурстарын басқару саласындағы халықаралық бастамаларына да назар аударылды. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған БҰҰ-ның мамандандырылған мекемесі ретінде Халықаралық су ұйымын құру бастамасы талқыланды.
Сонымен қатар тараптар 2026 жылғы желтоқсанда Майами қаласында өтетін G20 саммитіне дайындық мәселелері бойынша пікір алмасты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев саммитке АҚШ Президенті Дональд Трамптың шақыруымен қатысады.
Кездесуде саммит аясындағы жоғары деңгейдегі күн тәртібін мазмұнды қалыптастыру үшін екі елдің алдағы уақытта да өзара іс-қимылды жалғастыруға дайын екені айтылды.