homepage
Видеодан кадр

Шымкент маңында жол апатынан әйел мен екі бала қаза тапты

13.08.2026, 10:23

Шымкент маңында адам өліміне әкелген ауыр жол апаты болды. Арыстан Шымкентке балаларға мектеп формасын сатып алуға шыққан отбасы діттеген жеріне жете алмаған. Апат салдарынан 44 жастағы әйел, оның қызы және 11 жастағы жиені қаза тапты, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Жетінші арнаның” хабарлауынша, қайғылы оқиға марқұмдардың туыстарының көз алдында болған. Олар бірнеше көлікпен бірге жолға шыққан.

Қайғылы жағдай кезінде қаза тапқан 11 жастағы баланың анасы бастапқыда ұлымен бірге бір көлікте отырған. Алайда жолда оның қызы жылап, әйел күйеуінің көлігіне ауысып отырған. Ал баласы бірінші көлікте қалған.

Отбасымен бірге Астанадан келген марқұм әйелдің әпкесі де өз қызымен басқа көлікте болған.

Қаза тапқан балалардың әжесі Зылиха Исаева жол апатының салдары өте ауыр болғанын айтты.

«Ұлымның баласының денесі бөлшектеніп кеткен. Рөлде отырған қыздың қолы үзіліп кеткен дейді. Оның қызы да көлікте болған. Орындықтың астында қалыпты. Аяғы да, қолы да сынған», – деді қаза болған балалардың әжесі Зылиха Исаева.

Ол кінәлі жүргізушінің анықталуын күтетінін айтып, оқиғаға қатысты өкініш білдірді.

«Тіпті біреудің малын қағып кеткен адам да кешірім сұрар еді. Ал мұнда ешкім жоқ», – деп күйінеді Зылиха Исаева.

Қазір Шымкент полициясы жол апатына қатысты қылмыстық іс қозғады. Тергеу барысында жол-көлік оқиғасына нақты қай көлік жүргізушісінің себеп болғаны және қайғылы жағдайдың барлық мән-жайы анықталып жатыр.