Қазақстанда электронды тұтыну жүйелерінің айналымына тыйым салынғанына қарамастан, оларды заңсыз әкеліп, сақтау және сатуға қатысты фактілер анықталып жатыр, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, жыл басынан бері вейптердің заңсыз саудасына қатысты 25 фактінің жолы кесілген. Қазір 37 қылмыстық іс тергеліп жатыр.
Заңсыз айналымнан 276 мыңнан астам электронды тұтыну жүйесі тәркіленді. Сонымен қатар 18 адамға қатысты 14 қылмыстық іс сотқа жолданған.
Вейп сатқандардың шоты арқылы 3,2 млрд теңге өткен
Астанада вейптердің заңсыз айналымын ұйымдастырған қылмыстық топтың әрекеті тергеліп жатыр. Олар өнімдерді сақтау үшін жалға алынған қоймалар мен кеңселерді пайдаланған.
Сауда интернет-дүкендер және Telegram, WhatsApp, Zangi мессенджерлері арқылы жүргізілген. Қылмыстық ізді жасыру үшін жеке кәсіпкердің банк шоттары пайдаланылып, сатып алушыларға төлем мақсатын «тұрмыстық техника сатып алу» деп көрсету ұсынылған.
Осы шоттар арқылы 3,2 млрд теңгеден астам ақша өткен.
Қарағандыда 340 млн теңгенің вейпі тәркіленді
Қарағанды облысында Telegram арқылы вейп сататын интернет-дүкен ұйымдастырған адамдар сотталды. Олар заңсыз сауда үшін төрт қойманы, интернет-дүкен операторлары мен курьерлерді пайдаланған.
Тінту кезінде құны 340 млн теңге болатын шамамен 30 мың электронды тұтыну жүйесі тәркіленді. Сот кінәлілерге 2 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады.
Ал Ұлытау облысында вейптерді «дропперлер» арқылы сатуды ұйымдастырған екі адамға сот үкімі шықты. Олар ақша аударымдарын курьердің атына рәсімделген банк шоты арқылы жүргізген.
Сот екі азаматқа да төрт жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындап, қылмыстық жолмен алынған табысты тәркіледі.
Қаржылық мониторинг агенттігі электронды тұтыну жүйелерін заңсыз әкелу, сақтау, тасымалдау және сатудың, сондай-ақ одан түскен табысты заңдастырудың қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғатынын ескертеді.
Агенттік бұл өнімдердің негізгі тұтынушыларының арасында жастар мен кәмелетке толмағандардың болуы алаңдатарлық екенін атап өтті.