homepage
thewirechina.com

ЖИ еңбек нарығын өзгертті ме: жастарға жұмыс табу неге қиындап барады

12.08.2026, 17:25

Бүгін – Халықаралық жастар күні. Осыған орай Халықаралық еңбек ұйымы (ХЕҰ) жаңа есебін жариялады. Ұйым дерегіне сәйкес, 2025 жылы әлемде 15-24 жастағы жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 12,4%-ға жетті. 2023 жылы бұл көрсеткіш 12,3% болған. Қазір әлемде шамамен 67 млн жас жұмыссыз, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

ХЕҰ бұл көрсеткішті экономикалық өсімнің баяулауымен, жаңа жұмыс орындарының аз құрылуымен, геосаяси шиеленіспен және технологиялардың қарқынды дамуымен байланыстырады.

Ұйым мәліметінше, жұмыс істемейтін, оқымайтын және кәсіби даярлықтан өтпейтін жастардың (NEET) үлесі 20%-ға жеткен. Бұл санатқа әлем бойынша 257 млн-нан астам жас кіреді.

Ең жоғары көрсеткіш – араб елдері мен Солтүстік Африкада

Жастар арасындағы жұмыссыздықтың ең жоғары деңгейі араб мемлекеттері мен Солтүстік Африка елдерінде тіркелген. Бұл өңірлерде көрсеткіш тиісінше 26,2% және 22,6% болды.

Солтүстік Америкада да жағдай нашарлаған. Мұнда жастар арасындағы жұмыссыздық 2023 жылғы 8,3%-дан 2025 жылы 9,8%-ға өскен.

Ал Солтүстік, Оңтүстік және Батыс Еуропада бұл көрсеткіш 15%-ды құрады. Шығыс Еуропада керісінше, жастар арасындағы жұмыссыздық екі жыл ішінде 1,6 пайыздық тармаққа төмендеген.

Жастарға арналған жұмыс орындары азайып жатыр

ХЕҰ сарапшылары жастар үшін еңбек жолын бастауға мүмкіндік беретін орта біліктілікті талап ететін жұмыс орындарының қысқарып келе жатқанын атап өтті.

Әсіресе кеңсе және әкімшілік қызметтерде, сауда мен қызмет көрсету салаларында, өңдеу өнеркәсібі мен кейбір техникалық бағыттарда жұмыс орындарының саны азайған.

Дамушы елдерде жағдай күрделірек. Мұнда жұмыссыздықтың салыстырмалы түрде төмен көрсеткіштері еңбек нарығындағы тұрақсыздықты толық көрсете бермейді. Көптеген жас жұмыста қалуға мүмкіндігі болмағандықтан, бейресми секторға немесе тұрақсыз жұмысқа баруға мәжбүр.

Табысы төмен және ортадан төмен елдерде 15-29 жастағы жас жұмысшылардың шамамен 10-нан тоғызы бейресми секторда еңбек етеді. Бұл олардың тұрақты табыс пен әлеуметтік қорғауға қол жеткізуін қиындатады.

Жасанды интеллект еңбек нарығын өзгертеді

Еңбек нарығына технологиялардың, соның ішінде жасанды интеллектінің ықпалы да күшейіп келеді.

ХЕҰ бағалауынша, 15-29 жастағы жастар атқаратын жұмыс орындарының 6,1%-ы жасанды интеллект әсерінен елеулі өзгеріске ұшырауы мүмкін мамандықтарға жатады.

Ұйым технологиялардың әсерінен жұмыс орындарының бір бөлігі өзгеруі немесе қысқаруы мүмкін екенін ескертеді. Сонымен қатар ғылым, медицина және инженерия сияқты жоғары білікті техникалық мамандықтарға сұраныс артып келеді.

ХЕҰ бас директоры Жильбер Унгбо жастардың сапалы жұмысқа қол жеткізе алмауы елдердің адами әлеуеті мен экономикалық өнімділігіне кері әсер ететінін атап өтті.

Ұйым жастар үшін жай ғана жұмыс орындарын көбейту жеткіліксіз деп санайды. Олар қауіпсіз, тұрақты, лайықты еңбек жағдайын қамтамасыз етіп, жастардың ересек өмірге сенімді қадам басуына мүмкіндік беруі керек.