Қазақстанда өндірістік жарақаттану көрсеткіші артқан. 2026 жылдың алғашқы алты айында кәсіпорындарда 727 жұмыскер зардап шекті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 24,5%-ға көп, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Ауыр жарақат алғандар саны да өскен. Биыл алғашқы жартыжылдықта мұндай жағдай 476 жұмыскерде тіркелсе, өткен жылы бұл көрсеткіш 409 адам болған.
Еңбек министрлігінің мәліметінше, өндірістегі жазатайым оқиғалардың негізгі себептері – жұмысты қауіпсіз ұйымдастырудың жеткіліксіздігі, қауіпсіздік талаптарының сақталуын бақылаудың әлсіздігі, ақаулы жабдықтарды пайдалану және қауіпті жұмыстарды орындау кезінде талаптарды бұзу.
Сонымен қатар жұмысшыларға нұсқама беру мен оқытудың формалды жүргізілуі, жеке қорғаныш құралдарымен толық қамтамасыз етпеу және жұмыс орындарының қауіпсіздігіне бақылаудың жеткіліксіздігі де жарақаттануға әсер етеді.
Осыған байланысты Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті 500 мыңнан астам жұмыс берушіге еңбек қауіпсіздігін күшейту бойынша ұсынымдар жолдады.
Министрлік жұмыс берушілерге жұмыскерлерді тұрақты түрде оқытып, қауіпсіздік бойынша нұсқама беруді, жарамды қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етуді және жұмыс орындарындағы кәсіптік тәуекелдерді тұрақты бағалауды ұсынды.
Сондай-ақ еңбек шарттарын заң талаптарына сай рәсімдеу, міндетті медициналық тексерулерден өткізуді қамтамасыз ету және жұмыскерлерді өндірістегі жазатайым оқиғалардан сақтандыру қажет.
Министрлік «жазатайым оқиғаның салдарын жою емес, оның алдын алу маңызды» екенін атап өтті. Қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз ету – жұмыс берушінің күнделікті міндеті.
Кәмелетке толмаған жұмыскерлердің қауіпсіздігіне де ерекше назар аударылуы тиіс. 18 жасқа толмағандарды ауыр, зиянды немесе қауіпті жұмыстарға, сондай-ақ түнгі және үстеме жұмысқа тартуға заңмен шектеу қойылған.