homepage
depositphotos.com

Қазақстанда зейнетақы тағайындау кезінде құжаттарды ЖИ тексермек

12.08.2026, 15:37

Қазақстанда әлеуметтік қорғау саласындағы бірқатар мемлекеттік қызметті жасанды интеллект көмегімен көрсету жоспарланып отыр. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев мәлімдеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Министрдің айтуынша, 2026 жылдың соңына дейін жасанды интеллектіні тағы бес бағытта енгізу жоспарланған.

Зейнетақы тағайындауда да қолданылмақ

2026 жылдың III тоқсанында жасанды интеллект қандас мәртебесін беру немесе ұзарту, азаматтарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына бағыттау, сондай-ақ кәсіби еңбекке қабілеттіліктен айырылу деңгейін анықтау кезінде қолданылмақ.

Мәселен, жұмыспен қамту саласында жүйе азаматтың бейіні мен қажеттіліктерін талдап, оның талаптарға сәйкестігін автоматты түрде бағалайды, тиісті қолдау шараларын таңдап, жеке ұсыныстар қалыптастырады.

Ал кәсіби еңбекке қабілеттіліктен айырылу деңгейін анықтау кезінде жасанды интеллект медициналық деректерді, еңбекке қабілеттіліктен айырылу дәрежесін және жарақат салдарын талдайды.

Зейнетақы тағайындау кезінде де жасанды интеллект құжаттарды тексеруге көмектеседі. Негізгі мақсаттың бірі – құжаттарды қолдан жасау фактілерінің алдын алу.

Еңбек кітапшаларын да жасанды интеллект таниды

2026 жылдың IV тоқсанында сканерленген еңбек кітапшаларын тануға арналған цифрлық модель әзірлеу жоспарланып отыр. Сонымен қатар жүйе жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау кезінде ұсыныстар қалыптастырады.

Жасанды интеллект еңбек қауіпсіздігі саласында да қолданылмақ. Жүйе кәсіпорындардағы қауіпсіздік пен еңбек жағдайларына қатысты деректерді талдап, ықтимал еңбек тәуекелдерін анықтауға көмектеседі.

«Әңгіме сканерленген еңбек кітапшаларын тану, жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау кезінде ұсынымдар қалыптастыру, сондай-ақ ел кәсіпорындарындағы қауіпсіздік пен еңбек жағдайларына байланысты тәуекелдерді анықтау үшін жасанды интеллект негізіндегі талдауды енгізу туралы болып отыр», – деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев.

Әлеуметтік көмек алушылардың деректері де талданады

Жасанды интеллект әлеуметтік қорғау саласындағы кейбір процестерде қазірдің өзінде қолданылып келеді. Мысалы, атаулы әлеуметтік көмек тағайындау кезінде жүйе өтініш берушінің тұрғын үй-тұрмыстық жағдайын көрсететін фото және бейнематериалдарды талдап, оның көмекке мұқтаждығына қатысты ұсыным қалыптастырады.

Ал мүгедектік тобын белгілеу кезінде жүйе медициналық деректерді, оның ішінде диагноздар мен ауру тарихын талдап, медициналық-әлеуметтік сараптама үшін шешім жобасын әзірлейді.

Министрдің мәліметінше, жасанды интеллект жүйесі атаулы әлеуметтік көмек бойынша 99 мың өтінішті, ал мүгедектікті белгілеу бойынша 151 мың өтінішті өңдеген. Шілде айынан бері 12 мың мемлекеттік қызмет автоматты түрде тағайындалған.

Жекелеген қызметтерді көрсету мерзімі екі күннен 10 минутқа дейін қысқарған.