homepage
Көрнекі фото: ҚР ДСМ

Павлодарлық әйел жаңа туған қызын 800 мың теңгеге сатпақ болған

12.08.2026, 14:23

Павлодарда жаңа туған нәрестені сату ісі бойынша сот үкімі шықты. Сот әйелді кәмелетке толмағандар саудасына кінәлі деп танып, бес жылға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Сотта анықталғандай, Түркістан қаласының 2002 жылы туған тұрғыны материалдық қиындықтарға байланысты жүкті кезінде дүниеге әлі келмеген баласын сатуды жоспарлаған.

“Ол «ВКонтакте» әлеуметтік желісіндегі бала асырап алуға ниетті адамдарға арналған қауымдастыққа хабарландыру жариялап, сатып алушы тапқан. Әйел жаңа туған қызын 800 мың теңгеге сатуға келіскен”,- делінген облыстық прокуратурасы хабарламасында.

2026 жылғы 28 наурызда ол Павлодар облыстық №1 перинаталдық орталығында дені сау қыз баланы дүниеге әкелген.

Павлодар қаласы прокуратурасының үйлестіруімен жүргізілген жедел-іздестіру шаралары мен жасырын тергеу әрекеттері барысында қылмыстық әрекет әшкереленді.

31 наурызда Павлодардағы пәтерлердің бірінде әйел жаңа туған нәрестені медициналық құжаттарымен бірге сатып алушыға тапсырған. Осы кезде ол 100 мың теңге сыйақы алған. Ақша алдын ала арнайы тіркелген.

Павлодар қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты әйелді ҚР Қылмыстық кодексінің 135-бабының 1-бөлігімен («Кәмелетке толмағандар саудасы») кінәлі деп таныды.

Сот оған қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемесінде өтеумен 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Алайда Қылмыстық кодекстің 74-бабына сәйкес, жазаны өтеу 5 жылға кейінге қалдырылды.

Прокуратура балаларға қатысты заңсыз мәмілелер қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғатынын және мұндай қылмыстар құқық қорғау органдарының ерекше бақылауында екенін ескертті.