Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты пәтерлер, коммерциялық нысандар мен автотұрақтарды сату желеуімен азаматтардан 3 млрд теңгеден астам ақша алған төрт адамға қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Қалалық сот мәліметінше, сотталушылар алдын ала сөз байласып, азаматтардан жылжымайтын мүлік сатып алу үшін ақшаны қолма-қол және жеке шоттарына аудару арқылы алған. Нәтижесінде 51 адамға жалпы сомасы 3 млрд теңгеден асатын залал келтірілген.
Сонымен қатар сотталушылар жалған сатып алу-сату шарттарын жасап, клиенттерден алған ақшаны иемденген. 3 млрд теңгеден астам қаражат компанияның шотына түспеген. Осылайша, заңды тұлғаға да аса ірі мөлшерде залал келтірілген.
Сот олардың кінәсін жәбірленушілер мен куәлардың айғақтары, сарапшылардың қорытындылары, тергеу материалдары, заттай дәлелдер және істің басқа да материалдары дәлелдейтінін анықтады.
Прокурор сотталушыларға заң аясында жаза тағайындауды сұрады. Жәбірленушілер залалдың өтелмегенін айтып, қатаң жаза тағайындауды талап етті. Ал сотталушылар мен олардың қорғаушылары тағылған айыппен келіспей, ақтау үкімін шығаруды сұрады.
Сот қылмыстың ауырлығын, келтірілген залалдың өтелмегенін және сотталушылардың кінәсін мойындамағанын ескерді.
Нәтижесінде төрт сотталушыға қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығы бойынша 8 және 9 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сонымен бірге олар жылжымайтын мүлікті сатуға байланысты қызметпен айналысу құқығынан 10 жылға айырылды.
Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.