Қазақстан азаматы анасын пышақпен бірнеше рет жарақаттады деген күдікпен Вьетнамнан Қазақстанға экстрадицияланды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
ҚР Бас прокуратурасы мен Ішкі істер министрлігінің Интерпол Ұлттық орталық бюросы Қазақстанның Вьетнамдағы елшілігінің көмегімен күдіктіні елге қайтарды.
Тергеу мәліметінше, ер адам былтыр қарашада үйінде алкогольдік масаң күйде болған. Ауызша жанжалдан кейін ол анасына пышақпен бірнеше рет соққы жасаған.
“Оқиғадан кейін күдікті қылмыстық жауапкершіліктен жалтару мақсатында бой тасалап, халықаралық іздеуге жарияланған”, – делінген Бас прокуратура хабарламасында.
Жедел-іздестіру шаралары барысында оның Вьетнам аумағында жүргені анықталған. Маусым айында күдікті Дананг қаласында ұсталып, Қазақстан Бас прокуратурасының сұрауы бойынша елге экстрадицияланды.
Қазір ол уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Күдіктіге денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтірді деген айып тағылып отыр. Бұл қылмыс үшін үш жылдан сегіз жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.