Ақтау–Маңғышлақ автожолында үш көлік соқтығысып, соның салдарынан 23 жастағы жүргізуші қаза тапты, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Lada.kz жазуынша, 11 тамызда болған қайғылы оқиға кезінде Toyota Sequoia көлігінің жүргізушісі қарсы бағытқа шығып, Lada Granta және Toyota Camry көліктерімен соқтығысқан.
Маңғыстау облысы полиция департаментінің мәліметінше, апат салдарынан Toyota Camry көлігінің 23 жастағы жүргізушісі оқиға орнында қаза тапты.
“Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталды. Полиция жол-көлік оқиғасының барлық мән-жайын анықтап жатыр. Үш көлік те арнайы айыптұраққа қойылды”, – делінген хабарламада.
Оқиға орнынан бес адам Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасына жеткізілген. Дәрігерлер олардың бас-ми жарақаты, іш аймағының ашық жарақаты, кеуде қуысы және денесінің әртүрлі бөліктерінен жарақат алғанын анықтады.
Үш адам травматология, хирургия және нейрохирургия бөлімдеріне жатқызылды. Тағы екі науқас дәрігерлердің тексеруінен кейін амбулаториялық ем қабылдауға жіберілді.
«Қазіргі уақытта дәрігерлер науқастардың жағдайын бағалап, қажетті медициналық көмек көрсетіп жатыр», – деді Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасының баспасөз қызметі.
Полиция жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, қауіпті маневрлер жасамауға және жол жағдайына қарай жылдамдықты таңдауға шақырды.
«Жол қозғалысы ережелерін сақтау – барлық жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігінің кепілі», – деп хабарлады Маңғыстау облысы полиция департаменті.