Қаржылық мониторинг агенттігі Интерполдың қолдауымен халықаралық іздеуде болған Ұлан Мұхтарұлы Байболовты Корея Республикасынан Қазақстанға қайтарды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Тергеу мәліметінше, Ұлан Байболов салықтар мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді жүйелі түрде төлеуден жалтарған ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшесі болған.
Тергеу нұсқасына сәйкес, қылмыстық схема кәсіпорындарды сатып алып, оларды жалған басшылардың атына қайта тіркеу арқылы жүзеге асырылған. Кейін бұл компаниялардың банк шоттары арқылы қаржы операциялары жүргізіліп, салық есептілігіне көрінеу бұрмаланған мәліметтер енгізілген. Одан соң қаражат қолма-қол ақшаға айналдырылған.
Осы схемаға пайдаланылған кәсіпорындардың бірі – «Сфера» ЖШС. 2014 жылы Ұлан Байболов аталған серіктестіктің директорының орынбасары болып тағайындалған.
Тергеу дерегіне сәйкес, топ мүшелері серіктестіктің есеп айырысу шоттарынан 2,5 млрд теңгеден астам қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырған. Бұдан бөлек, қосымша есептелген салық көлемі 1 млрд теңгеден асқан.
Сот күдіктіге қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады. Қазір тергеу жалғасып жатыр.
Қаржылық мониторинг агенттігі Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жарияланбайтынын мәлімдеді.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Конституциясының 19-бабының 1-тармағына және Қылмыстық-процестік кодекстің 19-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, адамның қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі екені заңды күшіне енген сот үкімімен анықталғанға дейін ол кінәсіз деп есептеледі.