Жаз тез өтіп барады. Биыл да қазақстандықтар елдегі демалыс орындарының қымбаттығына жиі шағымданып жатыр. Қонақүй, жол ақысы, тамақ пен басқа да қызметтердің бағасы өскен. Ел аузында “Бурабайға ақшам жетпеген соң, шетелге барып демалып қайттым” деген әзілдің шындыққа жанасып келе жатқаны алаңдатады. Ресми статистика бұл алаңдаушылықтың негізсіз емес екенін көрсетеді. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, биыл маусымда «Демалыс және мәдениет» санатындағы бағалар бір жылда 17,3 пайызға өскен.
Қымбаттайды тағы да, қымбаттайды…
Мысалы, Балқашты алайық. Бұрын салыстырмалы түрде арзан саналатын демалыс орнында қазір жазғы үйшікті тәулігіне 5,5-6 мың теңгеге жалға алуға болады. Үш жыл бұрын мұндай орынның бағасы 2,5-3 мың теңге шамасында еді. Ал кондиционері, душы мен дәретханасы бар жайлы нөмірдің тәуліктік құны 15-18 мың теңгеге жетеді. Тамақтану бұл сомаға кірмейді. Нәтижесінде Балқашта үш күн демалудың өзі бір адамға шамамен 50-60 мың теңге тұрады. 2023 жылы осыған ұқсас демалысқа 25-30 мың теңге жеткілікті болатын.
Басқа танымал бағыттарда шығын одан да жоғары. Үш күндік демалыстың құны шамамен:
Ал шетелдік бағыттарда жеті күндік турдың бағасы бұдан да жоғары болғанымен, демалыс мерзімі әлдеқайда ұзақ. Мысалы, отбасы үшін Грузияға саяхат шамамен 850 мың теңге, Мысырға – 920 мың, Вьетнамға – 1 млн, Таиландқа – 1,15 млн, Мальдивке – 2 млн, Балиге – 2,35 млн теңге болуы мүмкін. Сондықтан мәселе тек «шетел қымбат» немесе «Қазақстан қымбат» деген салыстыруда емес. Мәселе - жұмсалған ақшаға қанша күн және қандай деңгейде демалыс алатыныңда.
Energyprom.kz талдауына қарағанда, туристік қызметтердің қымбаттауы өңірлерде бірдей емес. Еліміздің жеті өңірінде баға өсімі орташа республикалық көрсеткіштен асып, 18,2-23,6 пайызға жеткен. Олардың қатарында Солтүстік Қазақстан, Алматы, Қарағанды, Абай, Жетісу облыстары, сондай-ақ Астана мен Алматы қалалары бар.
Ішкі туризм: не өзгерді?
Баға өскенімен, қазақстандықтардың саяхатқа деген қызығушылығы төмендемей тұр. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, өткен жылы қонақүйлер мен демалыс орындары 10,2 млн адамды қабылдаған. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 1 млн-нан астам адамға көп. Ішкі туризм қызметтерін тұтынғандардың шығыны 659,2 млрд теңгені құраған. Оның 25,5 пайызы көлікке, 20,8 пайызы тамақтануға, 12,2 пайызы демалыс орындарына жұмсалған. Ал отандық және шетелдік туристердің жиынтық шығыны 1,13 трлн теңгеге жеткен.
Бұл цифрлар туризмнің экономика үшін қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Турист қонақүйге ғана ақша төлемейді. Ол жол жүреді, тамақтанады, дүкен аралайды, экскурсияға қатысады, ойын-сауық қызметтерін пайдаланады. Яғни, бір туристің шығыны бірнеше саланың айналымына әсер етеді.
Демек, ішкі туризмнің қымбаттауы – тек демалушының жеке мәселесі емес. Сыртқа саяхаттап кеткен әрбір қазақстандық қомақты қаржыны өзге елдің экономикасына тастап келеді деген сөз.
Басқа елдер не істеп жатыр?
Әлемдік тәжірибеде туристік нысандардың қолжетімділігін арттырудың қызықты үлгілері бар. Жапониядағы Химэдзи сарайында жергілікті тұрғындар мен басқа туристерге әртүрлі тариф қолдану тәжірибесі енгізілді. 2026 жылғы 1 наурыздан бастап қала тұрғындары үшін билет 1000 иена болса, басқа туристер үшін 2500 иена белгіленді. Балалар мен 18 жасқа дейінгі жастарға кіру тегін.
Франция да мәдени нысандарға сараланған баға енгізіп жатыр. Луврға Еуропалық экономикалық аймақтан тыс туристер үшін билет құны көтерілді, ал ЕЭА резиденттері үшін баға төменірек қалды. Қосымша түсім мәдени мұраны сақтауға және нысандарды жөндеуге бағытталады. АҚШ-та да ұлттық парктерге шетелдік туристер үшін жоғары тариф енгізілді. Жергілікті тұрғындар жеңілдікті баға бойынша кіре алады.
Бұл тәжірибелердің ортақ қағидасы бір: туризмнен түсетін табысты көбейту және жергілікті тұрғындардың өз еліндегі туристік нысандарға қолжетімділігін сақтау. Қазақстан да мұндай тәсілдерді қолдана алады.
Биыл «Oi-Qaraqai» тау шипажайы Қазақстан азаматтарына арналған «Отан» тарифін іске қосты. Осы тариф бойынша қазақстандықтарға базалық бағаның 20 пайызы көлемінде жеңілдік беріледі. Ол қонақүйге орналасуға, маусымдық және жылдық қызметтерге, таудағы арқанмен серуендеу сияқты қызмет түрлеріне қолданылады. Жеңілдікті пайдалану үшін жеке куәлікті көрсету немесе сайт арқылы бронь жасау жеткілікті.
Ең маңыздысы – бұл бір реттік акция емес. Мұндай тәжірибе туристік нысандардың жергілікті тұрғындарға тұрақты түрде қолжетімді болуына жол ашады. Осындай механизмдерді басқа туристік нысандарға да кеңейтуге болады.
2026 жылдың бірінші тоқсанында туристік нысандар қызметін тұтынған қазақстандықтардың саны 3,6 пайызға өскен. Демек, халықтың саяхатқа деген сұранысы бар. Ендігі мәселе – осы сұранысты сақтап қалу әрі Қазақстанда демалуды қазақстандықтың қалтасы көтеретіндей ету.
Төлен ТІЛЕУБАЙ