Биліктің оң қабағы
Ескі Қазақстанда онша еленбеген Торғай өңірі Тоқаевтың тұсында қайта түлейтін секілді. Шаһардың билік назарынан тыс қалуына бірнеше фактор себеп болған. Боксит өндірісі тоқтағанда Арқалықтың тамыры тартылды, жұмыс орындары азайды, инфрақұрылым ескірді, ал шалғай география қаланы елдің экономикалық ағынынан алыстата түсті. Кезінде өндіріс тіршілігі қайнаған шаһар біртіндеп тұйық қалаға айналды.
Күні бүгін сол тұйықтан шығудың мүмкіндігі қайта пайда болғандай. Және оған түрткі болар тапсырмаларды Президент Тоқаевтың өзі берді. Әуелгісі, Орталық Қазақстанды Торғай арқылы Батыс өңірлермен байланыстыратын көлік дәлізін салу. Екіншісі – Арқалық әуежайын қайта іске қосу. Бір қуантатыны, бұл жолы айтылған сөз жерде қалмады, іске асып жатыр.
Араға 34 жыл салып...
Арқалық әуежайын қайта қалпына келтіру жұмыстары аяқталуға жақын. Егер жоспардан ауытқу болмаса, осы айдың соңында шаһар аспаны 34 жылдық үзілістен кейін қайтадан жолаушылар ұшағын қабылдайды. Әуежайдың жобалық өткізу қабілеті сағатына 70 жолаушыға дейін жетеді. Қазірдің өзінде Қостанай-Арқалық-Қостанай, Астана-Арқалық-Астана және Алматы-Арқалық-Алматы бағыттарын ашу мәселесі қарастырылып жатыр. Мемлекеттік субсидия есебінен билет құны да салыстырмалы түрде қолжетімді болмақ: Арқалық-Астана және Арқалық-Қостанай бағыттарында шамамен 10 мың теңге, Алматыға 25 мың теңге деңгейінде болуы мүмкін. Әуежайға Алаш қайраткері Міржақып Дулатұлының есімін берілуі бек мүмкін.
«Әуежайдың ашылуы Арқалық қаласының, Қостанай облысындағы Амангелді және Жангелдин аудандарының, сондай-ақ Ақмола облысындағы Жарқайың ауданының көлік қатынасының қолжетімділігін арттырады. Шалғай елді мекендерде тұратын 80 мыңнан астам тұрғын еліміздің басқа өңірлеріне неғұрлым жылдам әрі қолайлы қатынау мүмкіндігіне ие болады. Бұл медициналық, білім беру және мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттыруға ықпал етеді», - делінген өңірдің баспасөз қызметі ұсынған ақпаратта.
«Орталық-Батыс»: Арқалықтың тұйықтан шығатын жолы
Дегенмен, шаһардың болашағы әрине бір әуежайға байланып қалған жоқ. Арқалықты шын мәнінде тұйықтан шығаратын жол бар және ол – «Орталық-Батыс» автожолы. Жоба жүзеге асса, Астанадан Арқалық, Торғай және Ырғыз арқылы Транскаспий халықаралық көлік дәлізіне шығатын жаңа бағыт пайда болады. Яғни ондаған жыл бойы географиялық оқшаулық Арқалықтың әлсіз тұсы болса, енді сол география оның басты артықшылығына айналуы мүмкін.
Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың айтуынша, Арқалық пен Торғай арқылы өтетін «Орталық-Батыс» жолының құрылысы қарқын алған. Торғайдан Ырғыз бағытына қарай жұмыс жүріп жатыр. Жобаны алдағы екі жылда аяқтау жоспарда тұр. Бұған қоса Қызылорда – Жезқазған – Арқалық бағыты бойынша жол құрылысы да аяқталуға тиіс. Осы екі жоба да толық іске асса, Арқалықтың елдің көлік картасындағы орны өзгереді. Солтүстіктен Орталыққа, одан әрі Батыс пен Оңтүстікке шығатын бағыттардың бір нүктеде тоғысуы шағын қаланы өңірлік емес, республикалық маңызы бар логистикалық буынға айналдыруы мүмкін.
«Арқалықты автомобиль, теміржол және әуе хабы ретінде қайта жаңғырту тек аймақтың ғана емес, бүкіл елдің логистикалық әлеуетін нығайтады», – дейді Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов.
Жол бар, енді жүк керек
Жаңа жол Батыс және Орталық Қазақстан нарықтарына шығуды жеңілдетсе, ауыл шаруашылығы өнімдерін тасымалдау арзандауы мүмкін. Бірақ бұл үшін мал басын көбейту жеткіліксіз. Өнімді сол жерде өңдеп, қосылған құны жоғары тауарға айналдыратын кәсіпорындар қажет. Ет, сүт, жүн, тері – бәрі шикізат күйінде сыртқа кетпей, өңірдің өзінде өңделсе ғана жаңа жолдың экономикалық тиімділігі сезіледі. Демек, келесі мәселе – инвестор тарту, өндіріс ашу және жаңа жұмыс орындарын құру.
Сондықтан, Арқалықтың бүгінгі «прайм-эрасы» инфрақұрылымның жаңаруымен өлшенбеуі керек. Негізгі сұрақ – салынған жол мен ашылған әуежай қала экономикасына қанша инвестиция, қанша кәсіпорын және қанша тұрақты жұмыс орнын әкеледі? Бір кездері боксит өндірісіне тәуелді болған қала енді логистикаға, ауыл шаруашылығына, өңдеуші өнеркәсіпке және қызмет көрсету саласына сүйенетін жаңа модель қалыптастыра ала ма? Ендігі басты сұрақ осы...