Бүгін – Абай күні. Осыған орай филология ғылымдарының докторы, профессор, абайтанушы Жанғара Дәдебаевтың Абай мұрасы туралы пікірін оқырман назарына ұсынамыз. Ғалым Абай шығармашылығын жиырма жылға жуық уақыт бойы зерттеп келеді. Осы жылдар ішінде ақын мұрасын ғылыми тұрғыдан зерделеп қана қоймай, оның негізгі қағидаларын жүйелеп, бүгінгі қоғамның рухани өмірімен сабақтастыруға басымдық беріп келеді. Бұл материалда Абайдың кісілік кодексі, «толық адам» ілімі, ақын мұрасын жүйелі оқыту мәселесі сөз болады.
Абайдың кісілік кодексі
Абай шығармаларындағы адамгершілік қағидаларды жинақтап, жүйелеу мақсатында біз Абайдың кісілік кодексін әзірледік. Ол 19 баптан тұрады. Кодекстің негізіне Абайдың шығармаларындағы адам қандай болуы керек, оның қоғамдағы орны қандай, білім мен еңбекке көзқарасы қандай болуы тиіс деген мәселелерге қатысты негізгі ойлар алынды. Кодекстің өзегінде Абайдың «толық адам» тұжырымдамасы жатыр. Ақын «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, сонда толық боласың елден ерек» деп, адам бойындағы осы үш қасиеттің бірлігін кемелдік шарты ретінде көрсетеді.
Кісілік кодексінің алғашқы бабында «Құдайдан қорық, пендеден ұял» деген қағида тұр. Мұндағы ойды тек діни ұғыммен шектеп түсінуге болмайды. Бұл - адамның өз әрекетіне жауап беруі, ар-ұятты сақтауы, жамандық пен қиянаттан бойын аулақ ұстауы туралы ұстаным. Абайдың осы ойы бала тәрбиесімен де тікелей сабақтас. «Балаң бала болсын десең, оқыт» деген сөзінде ақын білімнің адам қалыптастырудағы орнын көрсетеді. Яғни кісілік пен білімді бір-бірінен бөліп қарауға болмайды.
Кодекстің он сегізінші бабына Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» деген қағидасы енгізілді. Бұл - ақынның адамзатқа деген көзқарасын айқын көрсететін тұжырымдардың бірі. Абай үшін адамды сүю белгілі бір орта немесе ұлт шеңберімен шектелмейді. Оның мәні - адамды адам ретінде қадірлеу. Сондықтан Абайдың кісілік кодексін тек моральдық қағидалардың жиынтығы деп қарастырмай, ақынның адам туралы ілімін жүйелейтін тұтас ұстаным ретінде қабылдау қажет.
«Толық адам» ұғымының мәні
Абайдың «толық адам» тұжырымдамасы - оның шығармашылығындағы негізгі философиялық әрі адамгершілік мәселелердің бірі. Ақыл, қайрат және жүрек бірлігі арқылы Абай адам болмысының тұтастығын көрсетеді. Адамның ақылы болғанымен, қайраты болмаса, білімін іске асыра алмайды. Қайраты бар болғанымен, жүрегінде адамгершілік болмаса, оның әрекеті ізгілікке қызмет етпеуі мүмкін. Сондықтан ақын осы қасиеттердің үйлесімін алдыңғы орынға қояды. Бүгінгі қоғамда Абай айтқан кісілік қасиеттердің бар екенін жоққа шығара алмаймыз. Бірақ оларды қоғамдық санаға толық орнықтырдық деп айту қиын. Адамның бойында білім, ақыл, еңбекқорлық болғанымен, ар-ұят пен жауапкершілік әлсіз болса, оның жеке қасиеттері қоғамға толық пайда әкелмеуі мүмкін. Осы тұрғыдан алғанда, Абайдың «толық адам» идеясы қазіргі кезең үшін де өзекті.
Кісілік кодексін әзірлеудегі мақсатымыздың бірі - осы ұғымдарды жалпы сөз деңгейінде қалдырмай, олардың мазмұнын нақтылау. Адам өзгенің құқығына қол сұққанда, қиянат жасағанда немесе қоғам мүддесіне зиян келтіргенде, оның бойындағы ар-ұят пен жауапкершілік тежегіш болуы керек. Бұл қағидалар сырттан күштеп енгізілетін талап емес, адамның ішкі ұстанымына айналғанда ғана нәтижелі болады. Абайдың кісілік туралы ойларының құндылығы да осында.
Абай ілімін жүйелі оқыту
Абай шығармаларын оқыту мен Абай ілімін оқытудың арасында айырмашылық бар. Біріншісінде оқушы ақынның шығармаларымен танысады, олардың мазмұнын, көркемдік ерекшелігін меңгереді. Ал Абай ілімін оқыту - осы шығармалардағы негізгі ойларды өзара байланыстыра отырып түсіндіру. Біз осы бағытта «Абай ілімі» пәнін әзірлеп, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқу бағдарламасына енгіздік. Пән 2021 жылдан бері оқытылып келеді.
Абай ілімін жүйелі түрде меңгеру үшін ақынның жекелеген сөздерін бөліп алып қарамай, олардың арасындағы байланысты көрсету қажет. Мәселен, білім туралы ойлары адам тәрбиесімен, еңбек туралы тұжырымдары талаппен, ал талап пен еңбек адамды жетілдіру мәселесімен сабақтасып жатады. Абай шығармаларын бала кезден жаттап өсуінің де өзіндік мәні бар. Бала жаттаған сөзінің мағынасын сол кезде толық түсінбеуі мүмкін. Бірақ ол сөз оның жадында сақталады. Кейін өмірлік тәжірибесі артқанда, сол сөздің мағынасы тереңірек ашылады. Сондықтан Абай шығармаларын жаттатудың өзін құр жаттығу деп қарауға болмайды. Маңыздысы - жатталған дүниенің кейін түсінікке, түсініктің өмірлік ұстанымға айналуы. Абай ілімінің жекелеген қағидаларын баланың жас ерекшелігіне қарай ерте жастан қалыптастыруға болады. Бұл жерде мақсат - балаға күрделі ғылыми ұғымдарды үйрету емес, оның санасына талап, еңбек, білім, адалдық, адамгершілік сияқты негізгі құндылықтарды сіңіру.
Абайдың таным туралы ойлары
Абай мұрасын зерттеу барысында оның білім мен танымға қатысты ойларын да жүйелеуге мүмкіндік болды. Осы ізденістердің нәтижесінде «Абай таксономиясы» ұғымын қалыптастырдық. Абай шығармаларында танымның алғашқы баспалдағы ретінде талаптың маңызы айқын көрінеді. Адамның бір нәрсені білуге деген ниеті, ізденуге деген талпынысы болмаса, білімнің өзі нәтижелі болмайды. Талаптан кейін қабылдау, білу, түсіну, есте сақтау және қолдану үдерістері жалғасады. Мұнда ең маңыздысы - білімді жай ғана жинақтап қою емес, оның мәнін түсініп, өмірде пайдалана білу.
Абайдың білім туралы ойларын осы тұрғыдан қарағанда, ақынның танымға қатысты тұжырымдарының жүйелілігі байқалады. Ол үшін білім адамның өз алдына қойған мақсаты емес, өзін жетілдірудің құралы. Бұл мәселе Абайдың «толық адам» тұжырымымен де тікелей байланысты. Білім адамның ақылын жетілдіреді, ал ақыл қайрат пен жүрекпен ұштасқанда ғана оның тұлғалық мәні ашылады. Сондықтан Абайдың таным жүйесін зерттеу - ақынның білім туралы жекелеген пікірлерін жинақтау ғана емес, оның адам қалыптастыру туралы тұтас көзқарасын түсінуге мүмкіндік береді.
Абай мұрасын әлемге таныту
Абайтану саласында атқарылған жұмыстардың бірі - «Абайтану онтологиясы» атты электрондық ресурсты қалыптастыру. Онда Абай туралы жазылған таңдаулы еңбектер жүйеленіп, ғылыми айналымға ұсынылды.
Абайды зерттеу ісіне жас ғалымдардың тартылуы да маңызды. Қазір абайтану бағытында ғылыми жұмыстар жүргізіп жүрген докторанттар мен зерттеушілер бар. Бұл - Абай мұрасын зерттеудің бір буынмен шектелмей, жалғаса беретінін көрсетеді.
Абай шығармашылығын зерттеу біржолғы науқан емес. Оның мұрасында әлі де тереңірек қарастыруды қажет ететін мәселелер аз емес. Әсіресе ақынның адам, білім, еңбек, мораль және қоғам туралы ойларын қазіргі ғылыми ізденістермен байланыстыра зерттеудің маңызы зор. Осы тұрғыдан Мемлекет басшысының Абайдың «Қара сөздерін» ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» халықаралық тізіміне енгізу туралы бастамасын маңызды деп санаймын. Мұндай тізімге ену Абай мұрасын халықаралық деңгейде кеңінен танытуға мүмкіндік береді. Оның шығармаларын басқа тілдерге аудару, ғылыми және мәдени жобалар арқылы тарату жұмыстары да жандана түсуі мүмкін.
Абайдың «Қара сөздерінде» қазақ халқына ғана емес, жалпы адамзатқа ортақ ойлар бар. Адамды сүю, білімге ұмтылу, еңбек ету, адалдық пен жауапкершілік туралы тұжырымдары белгілі бір тарихи кезеңмен шектелмейді. Сондықтан Абай мұрасын әлемге таныту дегеніміз - оның шығармаларын басқа тілдерге аударып, халықаралық деңгейде насихаттаумен ғана шектелмеуі керек. Ең бастысы - Абайдың адам туралы ілімінің мәнін ашу.
Абайды тану - оның сөздерін білу ғана емес. Оның ойларын түсіну, сол ойлардың бүгінгі қоғам үшін мәнін айқындау және адам өміріндегі орнын көрсету. Абай мұрасы - өткеннің әдеби мұрасы ғана емес. Ол адамның өзін жетілдіруіне, қоғамның рухани сапасын арттыруына бағытталған ой жүйесі. Осы себепті Абайды зерттеу де, оның ілімін қоғамға таныту да жалғаса беруі тиіс.