homepage
globallookpress.com/IMAGO/Markus Mainka

WhatsApp аккаунтыңызды алаяқтардан қалай қорғауға болады

10.08.2026, 11:54

Ішкі істер министрлігі WhatsApp аккаунттарына рұқсатсыз кіру фактілерінің көбейіп отырғанын ескертіп, мессенджер қолданушыларына жеке деректерін қорғау бойынша кеңес берді,  деп хабарлайды Juzmedia.kz.

ІІМ ең алдымен екі сатылы тексеруді қосуды ұсынады. Бұл аккаунтты бөтен адамдардың бұзуынан қорғауға көмектеседі.

Оны қосу үшін WhatsApp-та:

«Баптаулар» → «Аккаунт» → «Екі сатылы тексеру» → «Қосу» бөлімдеріне өту керек.

Одан кейін алты таңбалы PIN-код орнатып, аккаунтты қалпына келтіруге арналған электрондық пошта мекенжайын енгізу қажет. Полиция бұл PIN-кодты ешкімге айтпау керектігін ескертеді.

Аккаунтыңызға кім кіргенін тексеріңіз

WhatsApp-қа қандай құрылғылар қосылғанын да тұрақты түрде тексеріп отырған жөн.

Ол үшін жоғарғы оң жақтағы үш нүктені басып, «Байланыстырылған құрылғылар» бөліміне кіру керек. Тізімде өзіңізге белгісіз құрылғы болса, оны таңдап, «Шығу» батырмасын басу арқылы аккаунтқа қолжетімділікті тоқтатуға болады.

WhatsApp аккаунты бұзылғанын қалай білуге болады?

ІІМ аккаунтқа бөтен адамның кіргенін білдіретін бірнеше негізгі белгіні атады. Олар:

  • сізге тиесілі емес құрылғының аккаунтқа қосылуы;
  • сіздің қатысуыңызсыз хабарламалардың жіберілуі;
  • таныстарыңыздың сіздің атыңыздан күмәнді хабарламалар алғанын айтуы;
  • өзіңіз сұратпаған растау кодтарының SMS арқылы келуі;
  • WhatsApp аккаунтынан себепсіз шығып қалу.

Полиция растау кодтарын ешкімге бермеуге, күмәнді сілтемелерге өтпеуге және бейтаныс адамдардың нұсқауымен бөгде қосымшаларды орнатпауға шақырды.

Егер аккаунтқа рұқсатсыз кірілгенін байқасаңыз, бірден «Байланыстырылған құрылғылар» бөліміндегі барлық күмәнді сеанстарды аяқтап, екі сатылы тексеру PIN-кодын өзгерту қажет.

Сондай-ақ аккаунтыңыздың бұзылуы мүмкін екені туралы байланыстағы адамдарға ескертіп, құқық қорғау органдарына жүгінген жөн.

ІІМ азаматтарды жеке деректерінің қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға шақырды.