Қаржылық мониторинг агенттігі Өзбекстан азаматы, «Маха.dxb» лақап атымен танымал блогер Махмуд Хикматовқа халықаралық іздеу жариялады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Агенттік мәліметінше, 2000 жылғы 19 ақпанда туған Хикматов заңсыз интернет-казиноларды жарнамалап, насихаттады деген күдікке ілінген. Сот оны қамауға алуға санкция берген.
Тергеу нұсқасы бойынша, Қазақстан аумағында интернет-казинолардың заңсыз жұмыс істеуіне мүмкіндік беретін жүйе құрылған. Оның көмегімен онлайн-казино қызметтері ұсынылып, ақша қабылдау және төлем жасау жолға қойылған. Бұл үшін эквайринг, мобильді төлемдер мен криптовалюта қолданылған.
Сонымен қатар заңсыз ойындарға азаматтарды тарту үшін әлеуметтік желілерде жарнама таратылған.
Агенттіктің мәліметінше, интернет-казиноларды жарнамалау үшін Хикматов та тартылған. Оған Қазақстанда жұмыс істейтін блогерлерді тауып, солар арқылы жарнамалық материалдар жариялауды ұйымдастыру міндеті жүктелген.
Ол блогерлерден әлеуметтік желідегі парақшаларының статистикасын, соның ішінде жазылушылардың жасы, орналасқан жері және жарияланымдардың қамту көрсеткіштері туралы ақпарат жинаған. Жарнама құны осы көрсеткіштерге байланысты белгіленген.
“Тергеу дерегіне сәйкес, Хикматов 35-тен астам блогерді осы жарнамаға тартқан. Олардың арасында блогер Қамза Қ. да болған”, – делінген хабарламада.
Агенттік мәліметінше, Қамза Қ. әлеуметтік желідегі парақшаларында интернет-казиноларға апаратын рефералдық сілтемелерді жариялап, Қазақстан азаматтарын тыйым салынған құмар ойындарға тартқан. Ол сілтемеге өткен әрбір пайдаланушы үшін сыйақы алып отырған.
Еске салайық, Қамза Қ. 2026 жылғы 6 тамызда Вьетнамнан Қазақстанға экстрадицияланған болатын.
Қаржылық мониторинг агенттігі Хикматовтың қайда жүргені туралы қандай да бір ақпарат білетін азаматтарды ведомствоға хабарласуға шақырды.
Кезекші бөлімнің телефоны: +7 7172 70 84 78.
Агенттік ақпарат берген адамның аты-жөні құпия сақталатынын және сыйақы төленетініне кепілдік берді.