homepage
iaer.k

Бүгін – Абай күні: Президент ұлы ойшылдың мұрасы туралы айтты

10.08.2026, 09:41

Бүгін Қазақстанда Абай күні аталып өтіп жатыр. Осыған орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды ұлы ақынның туған күнімен құттықтады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Президент өз құттықтауында Абайдың шығармашылық және зияткерлік мұрасы әлемдік әрі ұлттық мәдениеттің аса құнды бөлігі екенін атап өтті.

«Абай ілімі – рухани шамшырағымыз, айнымас темірқазығымыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, ұлы ойшыл қоғамды толғандырған мәселелерді ашық айтып, халықты бейқамдық пен жалқаулықтан арылуға шақырған. Сондай-ақ Президент Абайдың «Толық адам» идеясын әр азаматты рухани кемелденуге үндейтін, маңызын ешқашан жоғалтпайтын тұжырым ретінде бағалады.

Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Абай күні елімізде жүргізіліп жатқан ауқымды өзгерістер кезеңімен тұспа-тұс келіп отырғанына да тоқталды.

Президенттің пікірінше, қазіргі реформалардың негізгі мақсаты – жасампаздық құндылықтарын қоғам санасына сіңіріп, Қазақстанның дамуына жаңа серпін беру.

«Біз қоғамда жаңа этиканы қалыптастыру, ұлттық бірегейлікті нығайту және гуманистік идеалдарды дәріптеу барысында әрдайым Абайға жүгінеміз», – деді Мемлекет басшысы.

Ол Абайдың халықтың болашағы үшін білімге ұмтылу, еңбекқорлық пен жауапкершілік сияқты қасиеттердің маңызын терең түсіндіргенін атап өтті. Сонымен қатар ұлы ақын елді бірлік пен келісімді сақтауға шақырған.

Президент Абай қара сөздеріндегі тағылым қазіргі Қазақстанның құндылықтарымен де үндес екенін айтты.

«Адал Азамат», «Таза Қазақстан», «Заң мен Тәртіп» сияқты тұғырнамалық идеялар Абай армандаған берекелі қоғамның берік негізі екенін атап өткен Мемлекет басшысы Қазақстанның Әділетті, Озық әрі Қуатты ел құру жолында екенін жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев ұлы ойшылдың мол мұрасы алдағы уақытта да жас ұрпақты отаншылдыққа және туған елге деген сүйіспеншілікке тәрбиелеуде маңызды рухани негіз болатынына сенім білдірді.

«Баршаңызға амандық және табыс тілеймін! Абай күні құтты болсын!» – деді Президент.