Қазақстанның ұлттық валютасының дизайны тек сыртқы көрініс үшін жаңартылмайды. Негізгі себептердің бірі – банкноттарды қолдан жасауға қарсы қорғаныс жүйесін үнемі жетілдіру. Бұл туралы Ұлттық банктің Банкнот фабрикасы мәлімдеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz агенттігі LS-ке сілтеме жасап.
Халықаралық ұйымдардың, соның ішінде Интерпол мен Еурополдың ұсынымдарына сәйкес, банкнот дизайнын шамамен 7-8 жыл сайын жаңартып отырған жөн. Бұл ақша белгілеріне заманауи қорғаныс технологияларын енгізуге және жалған купюра жасауды қиындатуға мүмкіндік береді.
Теңге дизайны қалай өзгерді?
Қазақстанның 30 жылдан астам тарихы бар ұлттық валютасы осы уақыт ішінде бірнеше рет жаңарды.
Алғашқы «Портреттер» сериясы 1993 жылы айналымға шықты. Онда әл-Фараби, Сүйінбай, Құрманғазы және Абай сияқты тарихи тұлғалардың бейнесі болды. Алғашқы банкноттар Ұлыбританияда басып шығарылды.
1994-2003 жылдары «Әл-Фараби» сериясы, 2006 жылдан бастап «Бәйтерек» сериясы қолданысқа енгізілді. Бұл кезеңде банкноттардың дизайны айтарлықтай өзгеріп, алдыңғы беттегі портреттердің орнына «Астана – Бәйтерек» монументі мен ашық алақан бейнесі орналастырылды.
2011-2017 жылдары «Қазақ Елі» сериясы шығарылды. Ал қазіргі «Сақ стилі» сериясы 2023 жылдан бері қолданыста. Оның дизайны сақ дәуірінің «аң стиліне» және Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасына негізделген.
Жалған ақшаға қарсы қорғаныс қалай күшейтіледі?
Банкнот дизайнын жаңарту жаңа қорғаныс элементтерін енгізуге мүмкіндік береді. Қазақстанның қазіргі банкноттарында оптикалық өзгермелі SPARK бояуы, рельефті Intaglio баспасы, микрооптикалық қорғаныш жіптері, жарыққа тосқанда біртұтас бейнеге айналатын элементтер және көру қабілеті төмен адамдарға арналған арнайы тактильді белгілер қолданылады.
Банкнот фабрикасының бас директоры Жомарт Қажмұратовтың айтуынша, Қазақстанда ұлттық валютаны өнеркәсіптік жолмен, яғни Банкнот фабрикасындағы технологияларға ұқсас тәсілмен қолдан жасаған жағдай тіркелмеген. Көбіне жалған ақша жасаушылар түрлі-түсті басып шығару және банкноттарды біріктіру сияқты қарапайым әдістерді пайдаланған.
Қазір айналымда қанша теңге бар?
Ұлттық банк мәліметінше, бүгінде Қазақстанда қолма-қол ақша айналымында шамамен 5,35 трлн теңге бар. Оның 98%-ын банкноттар, ал қалған 2%-ын монеталар құрайды.
Осылайша, теңге дизайнының жаңаруы бір жағынан ұлттық валютаның тарихи және мәдени мазмұнын жаңғыртса, екінші жағынан оның қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған.