Жаңа оқу жылына дайындық қазақстандық отбасылар үшін жаздағы ең қомақты шығындардың біріне айналады. Мектеп формасы, аяқ киім, сөмке мен кеңсе тауарларын сатып алуға кететін қаржыны алдын ала жоспарлаған дұрыс. Биыл баланы мектепке дайындауға шамамен 75 мыңнан 250 мың теңгеге дейін қаражат қажет болуы мүмкін, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Мектеп тауарлары қымбаттап жатыр
Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, биыл мектеп формасының бағасы жыл басынан бері біртіндеп баяу қарқынмен өсіп келеді. Маусымда мектеп формасы бағасының жылдық индексі 106,6% болды.
Ал балалар аяқ киімі жылдам қымбаттап жатқан тауарлардың қатарында. Соңғы бір жылда оның баға индексі 112–114,7% аралығында сақталған. Бұл киім-кешек пен аяқ киім нарығындағы маусымдық сұраныстың жоғары екенін көрсетеді.
Кеңсе тауарларының бағасы да өскен. Маусым айында олардың тұтыну бағалары индексі 105,3% деңгейінде қалыптасты.
Дүкен бе, маркетплейс пе?
Finprom зерттеуіне сүйенсек, бағаны салыстыру үшін желілік дүкендердегі және шетелдік маркетплейстердегі мектепке қажетті тауарлар қарастырылған.
Желілік дүкендерде қыз баланы мектепке дайындауға қажетті негізгі заттардың құны шамамен 78,3–206,9 мың теңге, ал ұл балаға арналған жиынтық 75,2-204,8 мың теңге болады.
Ал Ozon және Wildberries сияқты маркетплейстерде баға жоғарырақ. Қыз балаға арналған жиынтықтың құны 96,8–210,8 мың теңге, ұл балаға арналғаны 109,9–250,5 мың теңге аралығында тұрады.
Жекелеген тауарлар бойынша да айырмашылық айтарлықтай. Мысалы, желілік дүкендерден сөмкені 3,8 мың теңгеден табуға болса, маркетплейстерде оның бағасы 8,3 мың теңгеден басталады. Спорттық киім мен жылы киімдерде де осындай айырмашылық байқалады.
Мектепке дайындық шығынында ең қымбат тауарлардың қатарында аяқ киім, сөмке және спорттық костюм бар. Ал жалпы шығынның негізгі бөлігін киім-кешек құрайды.
Мысалы, ұл балаға арналған пиджактың бағасы 38 мың теңгеге дейін, ал екі шалбардың құны 37 мың теңгеге дейін жетуі мүмкін. Қыз балаларға арналған киімдер арасында шалбар, сарафан және дене шынықтыруға арналған киім жалпы шығынға едәуір әсер етеді.
75 мың теңге жеткілікті ме?
Есепке мектепке қажетті негізгі заттар ғана енгізілген. Сондықтан іс жүзінде ата-аналардың шығыны бұдан да жоғары болуы мүмкін.
Мәселен, күзгі сырт киім, ауыстыратын аяқ киім, 1 қыркүйекке арналған гүл және сынып қорына жиналатын қаражат бұл есепке кірмеген.
Сонымен қатар маркетплейстердің қазақстандық нарықтағы үлесі де артып келеді.
Ұлттық статистика бюросының электронды сауда жөніндегі деректеріне сәйкес, өткен жылы балалар тауарларына берілген тапсырыстардың ақшалай көлемі 44%-ға, кеңсе тауарлары 78%-ға, ал киім, аяқ киім және спорт тауарлары 44,6%-ға өскен.
Сондықтан баланы мектепке дайындағанда бірнеше сауда орнындағы бағаны салыстырып, қажет заттардың тізімін алдын ала жасап алған тиімді.