homepage
depositphotos.com

Ақтас психиатриялық ауруханасынан шыққан шу: ДСМ пікір білдірді

09.08.2026, 15:48

Алматы облысының Ақтас кентіндегі республикалық психиатриялық аурухана пациенттеріне қатыгездік көрсетілді деген әлеуметтік желілерде тараған ақпарат расталмады. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Әлеуметтік желіде жарияланған жазбаға байланысты ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Алматы облысы бойынша департаменті медициналық ұйымға тексеру жүргізген.

Жазба авторы онда сипатталған оқиғалардың 2008 жылы аурухананың 7, 10 және 12-бөлімшелерінде болғанын айтқан. Алайда жарияланымда автордың дербес деректері көрсетілмеген.

Қоғамдық резонанс тудырған ақпаратқа байланысты мамандар медициналық көмек көрсету кезінде заң талаптарының сақталуын, психикалық денсаулық саласындағы медициналық-әлеуметтік көмектің сапасын және пациенттерді дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселелерін тексерген.

2026 жылғы 7 тамыздағы тексеру қорытындысына сәйкес, пациенттерге физикалық шектеу шараларын қолдану, дәрі-дәрмекті ықпал ету құралы ретінде пайдалану немесе олардың ар-намысына тиетін өзге де әрекеттер жасалғаны туралы мәліметтер расталмаған.

Министрлік әр пациенттің құқығын, ар-намысы мен қауіпсіздігін сақтау басты басымдық екенін атап өтті. Медициналық көмек қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес көрсетіледі.

Ведомство медициналық көмектің сапасы мен пациенттердің құқықтарының сақталуына бақылауды жалғастыратынын мәлімдеді.

Сонымен қатар Денсаулық сақтау министрлігі көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін заңнамада жауапкершілік қарастырылғанын ескертті.