Сіздің баспана алу үшін бастапқы жарнаға 20% қаражатыңыз бар делік. Мұндай жағдайда бірден ипотека рәсімдеген тиімді ме, әлде пәтер жалдап, жинақталған ақшаны депозитте сақтап, баспана алуға қаражат жинаған дұрыс па? Krisha.kz мамандары екі нұсқаны салыстырып, шамамен есеп жасап көргенін айтты, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Есептеуде мөлшерлеменің өзгеруі, инфляция, тұрғын үй мен жалдау ақысының қымбаттауы, ипотеканы мерзімінен бұрын өтеу, жөндеу және коммуналдық шығындар ескерілмеген.
Ипотека құны қанша?
Салыстыру үшін екінші нарықтағы ауданы 35 шаршы метр болатын бір бөлмелі пәтер алынды. Бастапқы жарна – 20%, ипотека мөлшерлемесі – 20%, несие мерзімі – 10 жыл.
Есеп бойынша, ең қымбат ипотека – Алматыда. Мұнда ай сайынғы төлем шамамен 426 мың теңге болса, 10 жыл ішінде банктің сыйақысына 29,1 млн теңгеден астам қаржы жұмсалады.
Ал ең төмен көрсеткіш Қызылордада. Ай сайынғы төлем шамамен 144 мың теңге, ал 10 жылдағы артық төлем 9,8 млн теңгені құрайды.
Осылайша, көптеген қалада 10 жылға алынған ипотеканың артық төлемі қарыздың бастапқы сомасынан да асып түседі. Бұл ретте есептеуде мемлекеттік бағдарламалар мен жеңілдетілген ипотекалар емес, екінші деңгейлі банктердің нарықтық шарттары негізге алынған.
Пәтер жалдап, ақша жинаған тиімді ме?
Тек қазіргі төлемдерді салыстырсақ, көптеген қалада пәтер жалдау ипотека төлемінен арзанырақ.
Мәселен, Алматыда ипотеканың ай сайынғы төлемі шамамен 426 мың теңге болса, осындай пәтерді жалдау құны 210 мың теңге. Астанада бұл көрсеткіштер сәйкесінше 322 мың және 220 мың теңге, Қостанайда 246 мың және 150 мың теңге.
Яғни, жалға алушы ипотека төлемі мен жалдау ақысының арасындағы айырманы депозитке салып отырса, бірнеше жыл ішінде қомақты қаражат жинай алады.
Мысалы, Алматыда бастапқы жарна ретінде 5,5 млн теңге салынған жағдайда, 10 жыл ішінде ипотека бойынша ай сайын шамамен 426 мың теңге төлеу қажет.
Ал пәтер жалдау құны 210 мың теңге болса, 10 жылда оған 25,2 млн теңге жұмсалады. Бастапқы жарна депозитте сақталса, есеп бойынша ол шамамен 22,3 млн теңгеге дейін өсуі мүмкін.
Алайда бұл жерде басты тәуекел бар: 10 жылдан кейін тұрғын үйдің бағасы қанша болатынын алдын ала ешкім нақты айта алмайды.
Егер баспана құны депозит кірісінен жылдам өссе, жиналған қаражат пәтер сатып алуға жетпеуі мүмкін.
Ипотеканың артықшылығы неде?
Ипотеканың басты артықшылығы – баспананың қазіргі бағасын бекітіп алу. Яғни нарықта тұрғын үй қымбаттаған жағдайда, қарыз алушы пәтерді келісімшартта көрсетілген шарттар бойынша төлей береді.
Мысалы, Алматыда екінші нарықтағы тұрғын үйдің бір шаршы метрінің орташа бағасы 2016 жылғы шілдеде 367 мың теңге болса, 2026 жылғы шілдеде 786,7 мың теңгеге жеткен. Он жылда баға 114%-ға өскен.
Сондықтан тұрғын үй бағасы әрі қарай да айтарлықтай өсетін болса, ипотека рәсімдеп, баспананы қазір сатып алу тиімді болуы мүмкін. Ал пәтер жалдап, ақша жинау стратегиясы тұрғын үй бағасының өсу қарқыны мен депозиттің кірістілігіне тікелей байланысты.
Қорытынды: ипотека мен жалдау арасындағы таңдау әр адамның табысына, жинағына және ұзақ мерзімді жоспарына байланысты.
Ипотека кезінде ай сайынғы төлем жоғары болғанымен, 10 жылдан кейін баспана толықтай өзіңізге тиесілі болады.
Ал жалдау кезінде ай сайынғы шығын аз болуы мүмкін, бірақ болашақтағы тұрғын үй бағасының қалай өзгеретіні белгісіз.