Маңғыстау облысындағы «Кульжан» мұнай кен орнында өрт шықты. Оқиға 7 тамыз күні кешке «Мұнай қабылдау пункті» нысанында болған, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Облыстық экология департаментінің мәліметінше, сағат 18:10-да «Meerbusch» ЖШС-не тиесілі нысанда өрт шыққаны туралы ақпарат түскен.
Алдын ала мәлімет бойынша, көлемі 2 мың текше метр болатын №2 резервуардың түптік шөгінділерін ішкі тазалау жұмыстары жүргізілген. Өрт осы кезде пайдаланылған цементтеу агрегатынан шыққан. Жұмыс барысында резервуар бос болған және оның ішінде мұнай болмаған.
“Өрт сағат 19:20-да оқшауланып, 20:00-де толық сөндірілді. Оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ. Нысан қазір штаттық режимде жұмыс істеп тұр”, – делінген хабарламада.
Алдын ала мәлімет бойынша, елеулі материалдық залал анықталмаған. Сондай-ақ технологиялық жабдықтарға немесе нысан аумағынан тыс жерлерге мұнай төгілмеген.
Оқиға туралы Маңғыстау облысының төтенше жағдайлар департаменті мен мемлекеттік еңбек инспекциясына хабарланды.
Өрттің нақты себебі, ықтимал материалдық залал көлемі және оқиғаға құқықтық баға тиісті тексеру жұмыстары аяқталғаннан кейін белгілі болады.