7 қыркүйектен бастап қазақстандықтар зейнетақы жинағының 100 пайызын жеке инвестициялық портфельді басқарушыларға (ИПБ) аудару мүмкіндігіне ие болады. Бұл өзгеріс азаматтарға жинақты басқару стратегиясын өз бетінше таңдауға жол ашады. Алайда сарапшылар шешім қабылдамас бұрын ықтимал табыс пен тәуекелдерді қатар бағалау қажет екенін айтады, деп хабарлайды Juzmedia.kz агенттігі Nationalbusiness.kz-ке сілтеме жасап.
Жеке басқарушыларға сұраныс әзірге төмен
Қазақстандықтар зейнетақы жинағының 50 пайызына дейінгі бөлігін жеке ИПБ-ға аудару мүмкіндігін бұған дейін де пайдалана алған. Алайда бұл тетікті қолданғандар саны аз.
2026 жылғы 1 шілдедегі мәлімет бойынша, Қазақстанда алты жеке ИПБ жұмыс істейді. Оның ішінде зейнетақы активтерінің басым бөлігі – 28,6 триллион теңгесі Ұлттық банктің басқаруында. Ал жеке басқарушыларға тиесілі жинақ көлемі 121,7 миллиард теңгені құрайды.
Қазіргі таңда қаражатты Alatau City Invest, BCC Invest, Centras Securities, Halyk Finance, Tansar Capital сияқты жеке компанияларға аударуға болады.
Платформадағы мәліметке сәйкес, 1 шілдедегі ең жоғары табыстылық Tansar Capital-да тиесілі – 18,66 пайыз, ал Ұлттық банкте бұл көрсеткіш – 10,29 пайыз.
Дегенмен өткен кезеңдегі жоғары табыстылық болашақта да дәл сондай нәтиже болады дегенге кепілдік бермейді.
Табыс жоғары болуы мүмкін, бірақ тәуекел де бар
Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының бас сарапшысы Рамазан Досовтың пікірінше, жинақты жеке басқарушыларға аударудың табыс табу әлеуеті жоғары.
«Жеке басқарушылар икемді инвестициялық стратегияларды қолдана алады. Бұл салымшыларға жоғары нәтиже алуға мүмкіндік береді», – дейді сарапшы.
Оның айтуынша, жеке ИПБ қызметі Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің талаптарына бағынады. Сондықтан олардың жұмысы белгілі бір деңгейде реттеліп отырады.
Ал экономист Рахымбек Әбдірахманов бұл мәселені біржақты бағалауға болмайтынын атап өтті. Оның пікірінше, жеке басқарушылар нарықтағы жағдайға байланысты инвестициялық портфельді жылдамырақ өзгертіп, қаражатты әртүрлі активтерге бөле алады.
Алайда жоғары табыс мүмкіндігі тәуекелдің де жоғары болатынын білдіреді.
«Жеке ИПБ-ның табыстылығы кей кезеңдерде Ұлттық банктің көрсеткішінен жоғары болуы мүмкін. Бірақ басқа уақытта көрсеткіштері төмен немесе шамалас болуы ықтимал. Сондықтан жоғары табысқа толық кепілдік жоқ», – дейді Рахымбек Әбдірахманов.
Мемлекеттік кепілдікке қатысты өзгеріс
Сарапшылар 2027 жылдан бастап зейнетақы жүйесінде тағы бір маңызды өзгеріс болатынын атап өтті. Мемлекет жинақтың басым бөлігі бойынша табыстылық пен инфляция арасындағы айырманы өтеу кепілдігінен бас тартады. Кепілдік тек нақты аударылған міндетті зейнетақы жарналарының сомасына ғана сақталады.
Экономистердің айтуынша, бұл жағдайда инвестициялық тәуекелдің едәуір бөлігі салымшы мен ол таңдаған басқарушы компанияға жүктеледі.
Сондықтан мамандар азаматтарға жеке ИПБ-ны таңдағанда тек табыстылық көрсеткішіне емес, компанияның инвестициялық стратегиясына, портфелінің құрылымына және тәуекел деңгейіне де баса назар аударуға кеңес береді.
Қазақстандықтар жинағын жеке компанияларға сеніп тапсыруға неге асықпайды?
Сарапшылардың пікірінше, бұған бірнеше себеп бар. Біріншіден, азаматтардың басым көпшілігі жеке басқарушылардың мүмкіндіктері туралы толық ақпаратқа ие емес. Екіншіден, инвестициялық стратегияларды, тәуекел мен табыстылық арақатынасын түсіну жоғары қаржылық сауаттылықты талап етеді.
Бұған қоса, қазақстандықтардың басым бөлігі зейнетақы жинағын мемлекеттік құрылымның басқаруында қалдыруды қауіпсіз көреді.
Жеке ИПБ-лардағы жинақ көлемінің ерлер мен әйелдер арасында айтарлықтай айырмашылығы бар. Сарапшылар мұны ең алдымен табыс деңгейі мен жұмыспен қамту құрылымындағы алшақтықтармен байланыстырады.
Осылайша, 7 қыркүйектен бастап зейнетақы жинағын толықтай жеке басқарушыға аудару мүмкіндігі беріледі. Бірақ бұл міндетті талап емес, әр азаматтың өз таңдауы. Сондықтан шешім қабылдар алдында әр басқарушының көрсеткіштері мен инвестициялық стратегиясын мұқият салыстырған абзал.