homepage
Видеодан кадр

«Жанайқайымды бүкіл Қазақстан естісін»: 13 жастағы ұлы қайтыс болған ана министрге жүгінді

09.08.2026, 09:38

Ақтауда 13 жастағы ұлы қайтыс болған Жұлдыз Азанова Астанаға барып, Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназаровамен жеке кездесуді талап етіп отыр. Ол ұлының өліміне жауапты дәрігерлердің әрекетіне құқықтық баға беріліп, кінәлілер жауапқа тартылуын сұрайды, деп хабарлайды Juzmedia.kz агенттігі Lada.kz-ке сілтеме жасап.

Жұлдыз Азанованың айтуынша, ол 6 тамызда таңертең Астанаға ұшып келген. Оның басты мақсаты – министрмен жеке кездесіп, баласының өліміне қатысты мәселені тікелей жеткізу.

«Ұлымды осындай жағдайға жеткізіп, көз жұмды. Енді ғана мәйітханадан алып шықтым. Қайтыс болғаны туралы анықтамасын алдым. Бүкіл Қазақстан менің жанайқайымды естісін деймін. Егер дәрігерлер жұмыс істей алмаса, орындарын босатсын. Денсаулық сақтау министрлігіндегі біліксіз шенеуніктер де қызметтерін босатсын», – деді Жұлдыз Азанова.

Ол министрдің орынбасарларымен кездесуден бас тартқан. Анасының айтуынша, оған вице-министрмен кездесу ұсынылғанымен, ол ведомство басшысымен сөйлесуді талап еткен.

«Бұл кездесу мүлде болмай қала ма деп қорқамын. Сондықтан жағдайға қоғамның назарын аудару үшін осы видеоны жазып отырмын. Маған келесі сәрсенбіде нақты жауап беретіндерін айтты», – деді ол.

Жұлдыз Азанова бұған дейін де ұлына медициналық көмек көрсету кезінде дәрігерлер тарапынан қателік кеткенін мәлімдеген.

Оның айтуынша, қайғылы жағдай 2026 жылдың қаңтарында басталған. 13 жастағы баланың денсаулығы сыр бергенімен, дәрігерлер бастапқыда нақты диагноз қоя алмаған. Анасының сөзінше, баланы бірнеше рет ауруханаға жатқызудан бас тартқан.

Кейін баладан аппендицит анықталып, асқынулар пайда болған. Баланың жағдайы күрт нашарлап, жүрегі бірнеше рет тоқтаған. Ол санитарлық авиациямен Алматыдағы Балалар хирургиясы және педиатрия ғылыми орталығына жеткізілгенімен, дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмаған. 2026 жылғы 13 сәуірде баланың қайтыс болғаны тіркелген.

Оқиғадан кейін Денсаулық сақтау министрлігі Маңғыстау облысындағы медициналық ұйымдарға жоспардан тыс тексеру жүргізген.

Тексеру барысында Маңғыстау облыстық көпбейінді балалар ауруханасында баланы 17, 23 және 25 қаңтарда бірнеше рет ауруханаға жатқызудан бас тарту, консилиум өткізілмеуі, пациенттің жүгінулерін толық тіркемеу, денсаулық жағдайын жеткілікті бағаламау және клиникалық хаттамалардың сақталмауы сияқты заңбұзушылықтар анықталған.

Ал Ақтау қаласының №2 емханасында анамнезді толық жинамау, зертханалық және аспаптық тексеру нәтижелерін ескермеу, диагноздың клиникалық көрініске сәйкес келмеуі және жүгінулердің бірінде пациентті дәрігердің тікелей қарамауы анықталған.

Тексеру қорытындысы бойынша медициналық ұйымдарға тәртіптік және экономикалық шаралар қолданылып, материалдар құқық қорғау органдарына жолданған.

Сонымен қатар прокуратура қылмыстық іс қозғаған. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Ақтау қаласының №2 емханасына экономикалық санкциялар қолданған.

Бұған дейін жүргізілген тексеру нәтижесінде Маңғыстау облыстық балалар ауруханасының директоры қызметінен босатылғаны хабарланған.

Қазір Денсаулық сақтау министрлігі оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін арнайы комиссия құрып жатыр. Оның құрамына Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті төрағасының орынбасары – бас мемлекеттік медициналық инспектор және тәуелсіз сарапшылар кіреді.

Министрлік комиссия жұмысының қорытындысы бойынша қосымша шаралар қабылданатынын мәлімдеді.

Ал Жұлдыз Азанова қазір Ақмола облысындағы Бурабайда жүр. Ол министрмен кездесуге қатысты нақты шешімді күтіп отыр.