homepage
фото: ЖИ арқылы жасалды

Бектеновтің «естуші Үкіметі»: халықтың сенім лимитін тауысқан кімдер?

08.08.2026, 13:32

Сол жағалаудан «сыбыс»

Сайлау. Құрылтай. Жолдау. Қыркүйек қарсаңында саяси маусым қыз-қыз қайнайтыны белгілі. Қазірдің өзінде сол жағалауда «министрлер кабинеті жаңара ма», «кімдер жылы орынын суытады» деген сарындағы әңгіме желдей есуде. Сарапшылардың кейбірі жаңа саяси маусымда тұтас саяси элита жаңаратынына сенімді. Және олардың орта жасы 40-45 жас аралығында болады деп пайымдап отыр. 

Биылғы саяси маусымның басты ерекшелігі Қазақстан парламентаризмі тарихи кезеңге аяқ басқалы отыр. Сайлаудан соң, «Құрылтайдағы» су жаңа 145 мандаттың иелері анықталады. Жаңа есімдердің саяси алаңда өз ықпалын күшейтуге тырысуы, көптің арасынан «көрініп қалуға» талпынуы бұрыннан таңсық емес сценарий. Осыны ескерсек, Үкімет мүшелеріне де бұл ретте оңайға соқпасы анық.  

Соңғы жылдары жүргізілген реформалар енді нақты нәтижемен бағаланатын кезең жақындап келеді. Экономиканың баяу өсімі, бюджет шығындарының ұлғаюы, инфрақұрылымдық мәселелер, коммуналдық саладағы түйткілдер және әлеуметтік саясаттың тиімділігі министрлер кабинетінің жұмысын майшаммен қарауға мәжбүрлейтіні рас. 

«Ішің білсін әлу-ай...»

Президенттің кадрлық шешімдерін алдын ала нақты болжау мүмкін емес, әлбетте. Дей тұрғанмен, биыл да ақпараттық кеңістікте болжамдар айтылып бастады. Жалпы алғанда Қазақстандағы кадрлық саясатта бірнеше негізгі өлшем бар. Президент тапсырмаларының орындалуы, әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің нәтижесі, қоғамдағы наразылық деңгейі, сыбайлас жемқорлыққа қатысты жанжалдар, тағысын тағы... Егер министрліктер осы бағыттардың бірнешеуі бойынша теріс нәтиже көрсетсе, кадрлық өзгеріс ықтималдығы арта түседі. 

Наразылық демекші...
Айтпақшы, өткен маусымда бірнеше министр халықтың наразылығын тудырып, бастары дауға қалды. Қоғамның «жанды жеріне» тұз сепкен шенеуніктердің әрекеті қызу талқыға түсіп, тіпті кейбірі отставкаға кетуге сәл-ақ қалды.

Көпшілік Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың қымбат бренд аяқ киіміне шүйліккені естеріңізде шығар.  Денсаулық сақтау саласында дәрігерлердің жалақысы, ауруханалардың жағдайы оңып тұрмағаны жиі сыналады. Осындай жағдайда министрдің көпшілік орындарда қымбат бренд киюі қоғамның бір бөлігіне орынсыз көрінді. Иа, бұл ешқандай да заңға қайшы әрекет емес, дей тұрғанмен, мемлекеттік қызметкерлердің қоғамдық имиджі мен этикасына томпақ келеді десек те болады. 

2026 жылдың шілдесінде бір топ азаматтың Президент атына Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың үстінен шағым жолдағаны туралы ақпарат тарады. Жарияланған мәліметке сәйкес, арызда министрдің кадрлық саясаты мен білім саласындағы басқару шешімдеріне қатысты сын айтылған. Сол кезде министрлік тарапынан ресми толық түсініктеме жарияланбады. Білім саласы қоғам үшін өте сезімтал тақырып болғандықтан, мұндай шағымдар әдетте жұрттың назарынан тыс қалмайды. Жұлдыз Сүлейменова таяуда ғана «Әділет» партиясы атынан депутаттыққа үміткерлердің тізімінен табылды. Министрдің неге мұндай қадамға барғаны басы ашық сұрақ, әзірге.

«Оқу-ағарту министрлігінің үстінен ұжымдық түрде Президентке арыз жазуы бұл осыған дейін басқа министрліктерде болмаған жайт. Сондықтан Оқу-ағарту министрлігі «қызыл» аймақтағы министрлік деуге де болады. Одан бөлек, бізде Денсаулық сақтау министрлігі, Төтенше жағдайлар министрлігіне байланысты бірнеше БАҚ құралдарында, басқа да қоғамдық пікір қалыптастыратын азаматтардың арасында нақты мәселелер қарастырылып отыр», - дейді саясаттанушы Нұрболат Нышанбай. 

Осы жылдың маусымында әлеуметтік желіде сәбиін көтеріп, жұмыс істеп жүрген курьер әйелдің суреті кең тарады. Бұл қоғамда әлеуметтік жағдайға қатысты үлкен пікірталас туғызды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев кейін «курьер келіншектің» отбасы туралы мәлімет беріп, әйелдің жалғызбасты емес екенін, күйеуі жоғары білімді, ал отбасының әлеуметтік жағдайы жақсы, деп мәлімдеді. Туыстарының табысы мен мүлкі туралы құпия ақпараттың дүйім елге жариялануы көпшілікке орынсыз көрінді. Асқарбек Ертаевтың Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі лауазымына тағайындалғанына көп уақыт бола қойған жоқ. Министр қызметке кіріскен бойда, әлеуметтік салада небір «батыл» шешімдер қабылдап, бірден көзге түсті. Дей тұрғанмен, «курьер келіншектің» айналасындағы дау шененуніктің имиджіне жақсы жағынан әсер етпегені белгілі. 

«Біздің байқағанымыз, осыған дейінгі Үкімет бірнеше рет жаңарды. Бірақ Үкіметтің жаңаруымен мәселе толық шешілмейді. Көп жағдайда кадрлық мәселелер емес, заңнамалық мәселелер кедергі жасап отырады. Қаншалықты жаңа кадрлар алып келгенімен, заңнамалық тұрғыдан ескі форматта қалған кезде ол өзінің нәтижесін бермейді. Сондықтан биыл 15 наурызда қабылданған жаңа конституция бойынша, жаңа уәкілеттіліктер, жалпы саяси институттардың конъюктурасы қалыптасады деп ойлаймын», - дейді саясаттанушы Нұрболат Нышанбай. 

Өзбекстан бізді басып озды…

Экономист Айбар Олжайдың пайымынша, Үкіметтің алдындағы міндетердің басым бөлігі жоспарға сай орындалып келеді. Сондықтан да бұл жолы Үкімет мүшелері түгелдей жаңара қоюы екіталай. 

«Үкіметте логистика, жаңа теміржол салу, транзиттік әлеуеттік бойынша графиктен кейін қалулар бар. Сын көп айтылып жүр. Ал кадрларды ауыстырғаннан мемлекеттің басқару сапасы жақсарды ма, жақсарған жоқ па дегенге келер болсақ, біз бірінші Қазақстанның глобалды міндеттері орындалды ма, орындалған жоқ па соған қарау керекпіз. Экономикалық өсім қанша, инфляцияның көрсеткіші қанша, ішкі сауда аналымы, отандық өнім өндіру көрсеткіші қандай, инфрақұрылым, коммуналды-энергетикалық шаруашылық жолдарын салу қандай деңгейде, осы бағыттарда қойылған міндеттер орындалса, ауыс-түйістердің белгілі бір әсері болды деп айта аламыз», - дейді экономист Айбар Олжай.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Қазақстанда инфляция көрсеткіші 2026 жылдың шілде айында 10,2%-ті құрады. Ал 2026 жылдың қаңтар–маусым айларының қорытындысы бойынша, Қазақстан экономикасы 4,1%-ға өсті. Ал, Өзбекстанда жарты жылда экономиканың өсімі 8 пайыздың үстіне шыққан. Осыны ескерсек, «министрлер кабинетіне» сұрақ көп. 

«Бізде қазір бір-екі саланы есепке алмағанда, жалпы алға қойған міндеттер орындалып келе жатыр. Екі мәселе тұр. Бірі – инфляция. 10 пайыздан түсіру қажет. Екінші теміржолдарды тездетіп салу, Қазақстанды толыққанды транзиттік хабқа айналдыру мәселесі тұр. Осы бағыттарда біраз проблемалар бар», - дейді экономист Айбар Олжай. 

Айта кетейік, Қазақстан үкіметі соңғы рет 2024 жылы 5 ақпанда толық құрамда отставкаға кеткен болатын.