homepage
depositphotos.com

Мектепте хиджаб киюге рұқсат етіле ме - министрлік жауап берді

07.08.2026, 17:46

Қазақстандағы білім беру ұйымдарында мектеп формасына қойылатын талаптар міндетті. Оқу-ағарту министрлігі мектептер зайырлы қағидатпен жұмыс істейтінін еске салды, деп хабарлайды Juzmedia.kz

Жаңа Конституцияға сәйкес, дін мемлекеттен бөлінген. Осыған байланысты білім беру ұйымдарындағы оқу және тәрбие жүйесі де зайырлы сипатқа ие.

Министрлік мәліметінше, мектеп формасы оқушылар үшін бірыңғай талаптарды қамтамасыз етуі тиіс. Ол оқушының жас ерекшелігіне, климаттық жағдайға, сабақ өтетін орынға, ғимараттағы температуралық режимге және қауіпсіздік талаптарына сай таңдалады.

Мектеп формасы күнделікті, мерекелік және спорттық болып бөлінеді. Оның нақты үлгісін білім беру ұйымы қамқоршылық кеңес, ата-аналар комитеті және мектептің өзін-өзі басқару органдарымен бірлесіп айқындайды. Бекітілген үлгі жалпы мектептік ата-аналар жиналысының хаттамасымен рәсімделеді.

Ата-аналар мектеп формасын кез келген сауда желісінен сатып алып, өндірушіні өздері таңдай алады. Мектеп әкімшілігі белгілі бір өндірушіге немесе дүкенге артықшылық беруге құқылы емес.

Сонымен қатар әлеуметтік осал санаттағы отбасыларға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі. Жалпыға бірдей білім беру қоры аясында балаларға мектеп формасын, аяқ киім және оқу құралдарын сатып алуға көмек беріледі. 2026–2027 оқу жылында бұл қолдаумен шамамен 450 мың баланы қамту жоспарланған. Оған жергілікті бюджеттен шамамен 23 млрд теңге қарастырылған.

Қауіпсіздік талаптарына сәйкес, мектеп формасында жарақат келтіруі мүмкін фурнитура мен аксессуарлар болмауы керек. Сондай-ақ мектептің ішкі тәртібіне сәйкес оқу ғимаратында бас киіммен жүруге жол берілмейді.

Ата-аналар «Білім туралы» заңға сәйкес білім беру ұйымының жарғысында белгіленген талаптар мен міндетті мектеп формасына қатысты ережелерді сақтауға тиіс.