Қазақстан бойынша жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерін дайындап, сатумен айналысқан заңсыз схеманың ұйымдастырушысы ұсталды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Бас көлік прокуратурасының үйлестіруімен Көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері жалған көлік нөмірлерін заңсыз дайындау және таратуға қатысты схеманың жолын кесті.
Тергеу мәліметінше, Алматыда жалған мемлекеттік нөмірлерді жүйелі түрде дайындап, сатумен айналысқан ұйымдастырушы ұсталған.
“Жалған нөмірлер Ресейден экспресс-жеткізу қызметі арқылы Қазақстанға жеткізіліп, кейін еліміздің түрлі өңірлеріндегі тапсырыс берушілерге жіберіліп отырған”, – делінген хабарламада.
Жедел-іздестіру шаралары барысында жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлері және іске қатысты өзге де заттай дәлелдемелер тәркіленді.
Қазір қылмысқа қатысы бар басқа адамдарды анықтау үшін тергеу және жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр.
Бас көлік прокуратурасы жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлерін пайдалану қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін ескертті. Мұндай әрекеттер жол қозғалысы қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіреді.
ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу барысына қатысты өзге ақпарат жария етілмейді.