homepage
juzmedia.kz

Елімізде бастауыш сыныптардағы БЖБ мен ТЖБ жойылуы мүмкін

07.08.2026, 14:16

Қазақстан мектептерінің бастауыш сыныптарында білімді бағалау жүйесі өзгеруі мүмкін. Оқу-ағарту министрлігі 2–4-сынып оқушылары үшін бөлімдік және тоқсандық жиынтық бағалауды (БЖБ және ТЖБ) алып тастауды ұсынып отыр6 деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Тиісті бұйрық жобасы «Ашық НҚА» порталында қоғамдық талқылауға шығарылды. Құжатты талқылау 21 тамызға дейін жалғасады, сондықтан әзірге бұл шешім түпкілікті бекітілген жоқ.

Жобаға сәйкес, 2-4-сынып оқушыларының білім жетістіктері формативті бағалау, сондай-ақ тақырыптық және қорытынды бақылау арқылы бағаланады. Оның нәтижелері тоқсандық бағаны шығару кезінде ескеріледі.

Яғни, бастауыш сынып оқушыларының білімін тексеруде диктант, мазмұндама, бақылау жұмысы, практикалық және шығармашылық тапсырмалар сияқты дәстүрлі тәсілдер қолданылады.

Ал 5-11 (12)-сыныптарда бағалау жүйесі әзірге өзгере қоймайды. Бұл сыныптарда формативті және жиынтық бағалау, соның ішінде БЖБ мен ТЖБ сақталады. 1-сынып оқушыларының үлгерімі бұрынғысынша бағаланбайды.

Қазақстан мектептерінде БЖБ мен ТЖБ жүйесі 2016 жылдан бері қолданылып келеді. Енді министрлік бастауыш сыныптардағы бағалау тәсілін қайта қарауды ұсынып отыр.

Бұған дейін Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мектептердегі БЖБ мен ТЖБ жүйесінен кейбір сыныптарда біртіндеп бас тарту мүмкіндігі қарастырылып жатқанын айтқан еді. Министрлік 2025-2026 оқу жылындағы 1-11-сыныптардың бағалау жүйесіне талдау жүргізді.

Министрдің айтуынша, критериалды бағалау білім беру стандартында бекітілген. Сондықтан оған қатысты өзгерістер бірден емес, кезең-кезеңімен енгізіледі.

Егер бұйрық жобасы бекітілсе, бастапқы өзгерістер, ең әуелі, бастауыш сынып оқушыларына қатысты болмақ.