Қызылорда облысының Шиелі ауданында бағалы металдарды заңсыз өндірумен айналысқан қылмыстық топтың әрекеті тоқтатылды. Операцияны ҚМА облыстық департаменті прокуратураның үйлестіруімен және ҰҚК департаментімен бірлесіп жүргізген, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Тергеу мәліметінше, күдіктілер Жаманкөл шатқалында табиғи алтын өндіріп, оны заңсыз сатқан. Алтынды өндіру үшін күрделі өндірістік өңдеу қажет болмаған.
Қылмыстық топ мүшелерінің әрқайсысына нақты міндет бөлінген. Бірі алтын іздеушілерді тартып, өндіру жұмыстарын ұйымдастырса, енді бірі өндірілген өнімді тасымалдап, сатумен айналысқан. Тағы бір топ мүшелері қауіпсіздікті қамтамасыз еткен.
Заңсыз әрекетті жасыру үшін аумаққа бақылаушылар қойылып, мотоцикл мінген адамдар маңайды күзеткен. Олар бөгде адамдардың немесе мемлекеттік орган қызметкерлерінің келгенін алдын ала хабарлап отырған.
“Өндірілген алтын кейін сату үшін Алматыға жеткізіліп, одан түскен қаражат топ мүшелері арасында бөлінген”, – делінген ҚМА хабарламасында.
Тінту кезінде құрамында алтыны бар 500 грамнан астам шикізат, екі арнайы техника, 12 металл іздегіш және алты автокөлік тәркіленді. Сонымен қатар екі пневматикалық тапанша мен тегіс ұңғылы мылтық табылды.
Қазір қылмыстық топтың 13 мүшесі қамауға алынған. Тергеу жалғасып жатыр.
ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді.