Таиландтың Нонтхабури провинциясындағы мектепте атыс болып, жеті адам қаза тапты, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Thai Post басылымының жазуынша, қайтыс болғандардың арасында үш мұғалім, үш оқушы және атыс ұйымдастырған оқушы бар. Тағы 15 адам жараланған, олардың екеуінің жағдайы ауыр.
Оқиға 7 тамызда таңертең Бангкруай ауданындағы Тепсирин Нонтхабури мектебінде болған.
Алдын ала мәлімет бойынша, атыс жасаған оқушы мектеп ішіндегі бөлмелердің бірінен өлі күйінде табылған. Полиция оның өзіне-өзі қол жұмсағанын хабарлады.
Оқиғадан кейін мектеп аумағына полиция, құтқарушылар мен жедел жәрдем қызметкерлері жіберілді. Жараланғандар медициналық көмек көрсету үшін ауруханаларға жеткізілді.
Құқық қорғау органдары мектеп аумағын қоршап, оқушылар мен мұғалімдерді қауіпсіз жерге эвакуациялады.
Бастапқы ақпаратта екі мұғалімнің қаза болғаны және шамамен 20 адамның жараланғаны айтылған еді. Кейін қаза тапқандар саны жеті адамға дейін өскені белгілі болды.
Қазіргі таңда оқиғаның нақты себебі анықталып жатыр. Полиция атыс жасаған оқушының әрекетіне қатысты тергеу жүргізуде. Мектепте шамамен 3 100 оқушы мен 147 мұғалім бар екені хабарланды.
Бұл – Таиландта биыл болған мектептегі атысқа қатысты екінші ірі оқиға. Ақпан айында елдің оңтүстігіндегі Хатъяй қаласында мектепке қарулы адам кіріп, мұғалімді атып өлтірген болатын. Тағы бір оқушы жараланған.